«Таразға тарту» – жамбылдықтарды жұмылдырды

0 292

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы бүгінде адам танымастай өзгерді. Бұрын көне шаһар тарихи жәдігерлерімен танылса, бүгінде қала жаңа кейіпке еніп, жай­лы саябақ­тары мен заманауи туындыларымен талай­ды таңғал­дыруда. Жамбыл об­лысы­ның әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орай жанданған  «Таразға тарту» жобасы қала көркіне көрік қо­сып, ажарын аша түсті. Міне, сондай демалыс орындарының бірі – «Денсаулық» сая­бағының құ­рылысы аяқталуға жақын. 

Мәдениет және демалыс сая­бағы медицина қызметкерлерінің және демеу­шілердің қаржысымен бой көтеруде. Игі іске барлық медицина мамандары үн қосып, біркүндік айлық жалақыларын аударған. Соның арқа­сын­да Қарасу алқабынан жайлы, сәнді саябақ салынып жатыр. Саябақ 5 гектар аумақты алатын канал жағалауында орналас­қан. Онда мыңнан аса тал, шыр­ша, қайың секілді  ағаш  отыр­ғызылып, жайқалып тұр.

Бұдан бөлек, саябаққа раушан гүлдер егіліп, субұрқақ орнатылып, сәулетті мүсіндермен безендірілген. Көгалдан­дыру жұмыстарына  денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен танымал тұлғалар да ат­салысқан.

«Денсаулық»  мәдениет және дема­лыс саябағында  спортпен шұғылдануға да  барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ,  теннис және футбол алаңдары, воркаут пен  балалар алаңы көпшілікке қызмет көрсетуде. Мұның бәрі азамат­тардың эмоционалды және физикалық жағдайын жақсартуда. Күні кеше фут­бол алаңында медицина қызметкерлері арасында алғашқы аламанның түндігі түрі­ліп, көпшілікке мереке сыйлады.

Медицина қызметкерлерінің баста­ма­сымен демалыс орнына  коронавирус кеселімен  күресте қаза тапқан сала мамандарын  еске алуға арналған «Өзге­ге жарық сыйлап,  өзім өртеніп бара­мын» атты стелла да  қойылған. Стелла  көзсіз ерлікпен көз жұмған  20 медицина саласы маманының есімін ұлықтап тұр.

Қан айналымы жүйесі ауру­лары­ның халықтың өмір сүру ұзақ­тығына, мүге­дектікке және өлім-жітімге әсер ететіні ескеріліп,  ме­дицина қызметкер­лерінің бас­тамасымен  саябақта халыққа «Се­нің денсаулығың – сенің қо­лыңда» деген ұранмен стелла  ор­натылған.

– Медицина қызметкерлері халыққа көгалдандырылған орын­да демалуды ұсынып отыр. Таза ауада, табиғат  ая­сын­да  тыныстау, сондай-ақ салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу, жаяу жүру, далада   жаттығу жасау – тұрғын­дардың басты ұстанымына айналуы  қажет. Бүгінгідей пан­демия кезінде, бұл – аса маңызды. Ауырмаудың алдын алуды ұмыт­паған жөн. Алдағы уақытта саябақ   барлық қала тұрғын­дары мен қонақтар толассыз ағылатын тең­дессіз орын болатынына сенім­дімін,  – дейді   облыстық Денсау­лық сақтау басқар­масының бас­шысы Әсет Қалиев.

«Денсаулық» саябағының құрылысы қолға алынғанына тұрғындар дән риза.

– Бұрын арамшөп  өсіп, топырағы бетіне шығып жататын аумақ әдемі саябаққа айналғанына қуанып жатыр­мыз. Кешкісін мұнда отбасыммен келіп тынығып жүреміз. Балалардың ойнап, серуен құруына  қолайлы жағдай жасалған. Үйіміздің алдында балалар ойын алаңы болмағандықтан, қазір осы жер сүйікті орнымызға айналды. Кешкі­сін таза ауамен тыныстап, денсау­лығымызды жақсартуға да мүмкіндік тууда, – дейді Қарасу ықшамауданының тұрғыны Асел Исаева.

Бұл ойға қала тұрғыны Нұрхан Нұр­ланбек те қосылады.

– Анам жасы келген адам. Көп жағдайда үйде болады. Алайда далаға серуендеуге алып шығайық десек, бұрын орын таппай қиналатынбыз. Қазір анамд­ы алып саябаққа барамын. Мұнда адамның өмірге деген құштар­лығын оятатын  дүние көп. Оны анам­ның жанары­нан байқаймын. Саябаққа кел­ген­нен анамның жүзі жайнап, заман­дас­­тарымен әңгіме-дүкен құрып, үйге көтеріңкі көңіл күймен оралады. Осын­дай жұмысқа ұйытқы болып, тама­ша саябақ сыйлаған жандарға алғыс айта­мын, – дейді қала тұр­ғыны.

Иә, бұл – бағалауға тұрарлық дүние. Жанға жайлы саябаққа бүгінде ағылған халықтың қарасы қалың. Ең маңыз­дысы,  саябақ қала көркіне көрік қосып, ажарын тағы аша түсті. Ал саябақтың ресми ашылуы медицина қызметкер­лерінің кәсіби мерекесіне орай ұйым­дастырыл­мақ.

Жалпы, «Таразға тарту» жобасы ая­сын­да 42 нысанның құрылысы қолға алы­ну­да. Олардың қатарында спорт қала­шығы, «Үшбұлақ» жағалауы, «Мәде­ниет» алаңы, «Де­путат­тар» аллеясы, «Кә­сіп­керлер», «Финан­систер», «Әлеу­мет­тік еңбек», «Журналис­тер»,  «Жер ресурс­тары» және «Табиғат пайда­лану» алаң­дары секілді жобалар бар.  Аталған құ­рылыс  аудандар мен басқарма­лардың және жеке демеушілердің күшімен бітуде. Бұл, сөз жоқ, жамбылдық­тардың бірлігі мен ынты­мағын көрсетіп тұрғаны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.