Ресейге өтпек болған: Қырғызстандық жүк көліктері Қазақстаннан шыға алмай қалды
Жолда қалған жүргізушілер. Жамбыл облысында 30-дан аса жүк көлігі діттеген жеріне жете алмай жарты жолда қалған.
Жүк көліктері Қырғызстаннан Ресейге халық тұтынатын таураларды жеткізуі тиіс болатын. Бірақ 15 күннен бері олар жолға шыға алмай жатыр. Жүргізушілер шекарадан өткен көліктерді кірістер басқармасының не себепті тексеріп жатқанын түсіне алмай дал болды.
“Тексеріс болады деп бізді осында алып келді. Бірақ өздері әлі жоқ. Сосын амалсыз прокуратураға шағым түсірдік. Бірақ онда да нәтиже болмай жатыр. Біздің құжатымыз заңды. Бәрі дұрыс”, – дейді көлік жүргізушісі Владимир Чугуев.
Қырғызстандық жүргізушілер тауар тиелген машиналардың маңында жүруге мәжбүр. Тонап кете ме деп қорқады. Бәрі көлікте түнейді. Тамақты да далада ішеді.
Олар жарты айдан бері әбден қиналдық деп отыр. Оның үстіне автотұрақтағы әр жүк көлігіне күніне 4 мың теңге төлейді екен. Сондықтан белшемізден шығынға баттық деп жыларман күйде.
“Тамақтың өзіне 20-30 мың теңге жұмсадық. Автотұраққа әр көлікке ақша төлеп жатырмыз. Бұл жерде тек біз емес, тапсырыс беруші де шығынға ұшырап жатыр. Біз транзитпен кетіп бара жатырмыз. Кеден одағының не үшін құрылғанын түсінбедік. Бұл адамды қорлау ғой”, – дейді көлік жүргізушісі Виктор Рыжов.
Тасымалдаушылар кірістер басқармасының әрекеті орынсыз деп есептейді. Өйткені сұраған құжаттың бәрін көрсетіпті. Бірақ сонда да тексеруші орган ұстап отыр деп қапалы. Ал кірістер басқармасының өкілдері өздерінікін дұрыс деп санайды. Себебі тауар мен құжаттың сәйкестігін қадағалау міндетіміз дегенді айтады. Тіпті 15 күн емес, тексеріс бір айға созылатынын айтады.
“Жалған құжат бойынша тауар өткізу деректері бар. Сол деректермен тексеріс жүргіземіз. Егер анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. 7 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін”, – дейді Меркі ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Елдос Байымбетов.
Кірістер басқармасының басшысы тексерістің ұзаққа созылуын маман тапшылығымен түсіндіреді. Мұнда бар болғаны үш қызметкер екен. Күніне біреуі ғана жұмысқа шығады. Олар автотұрақтың ақылы екенін білмедік дейді. Алдағы уақытта оны тегін қылуға уәде етті. Ал жіпсіз байланған жүргізушілер бақылаушылар батасын бергенше, осында күтіп тұра береді.