«Ашаға ұқсаған»: Жарқынай Ханайым алғаш рет көпшілікке қызын көрсетті (фото)
Отандық әнші әрі блогер Жарқынай Ханайым алғаш рет көпшілікке қызының суреттерін көрсетті. Әнші кішкентай қызының есімін Instagram парақшасында өз жазылушыларының назарына ұсынды. «Сәлем, әлем. Мараттегі Айлана Айдарқызы», — деп жазған әнші өз желі парақшасында қызымен бірге түскен суреттерін де жария еткен.
Желі қолданушылары әншінің бұл жазбасына мақтаулары мен ақ тілектерін жаудырды. Пікір қалдырушылардың бірі балақайды әкесіне ұқсатса, енді бірі Аша Матайға ұқсатып отыр. «Көз тимесін», «Әкесінің көшірмесі», «Ашаға ұқсаған», «Папасының қызы», «Керемет», «Дені сау, бақытты болып өссін», — деп жазған пікір қалдырушылар.
Еске салсақ, өткен жылдың ақпан айында белгілі әнші, тележүргізуші Аша Матайдың туған ағасы Айдар Асқарбек Жарқынай Ханайымға ұсыныс жасағанын жазған едік. Кейін Жарқынай Ханайымға сырға салынып, оның беташар рәсімі өткізіледі.
Жарқынай Ханайым 2016 жылы белгілі продюсер Баян Алагөзованың тәлімгерлігінде болған. Көп ұзамай әнші мен продюсер бірлесіп жұмыс істеулерін тоқтатып, Жарқынай продюсердің қарамағынан кеткен.
Алайда былтырғы жылы продюсер Жарқынай Ханайымды актриса ретінде жұмысқа шақырып, ол «Рауза» телехикаясында басты рөлді сомдаған. Ал әншінің телехикаядағы жұбын Аша Матайдың үлкен ағасы Айдар Асқарбек сомдаған. Осылайша олардың кинодағы махаббаты шынайы сезімге ұласқан. Жарқынай Ханайым өзі жайлы еш жерде айтылмаған ақпаратпен «Опмай-Опмай» бағдарламасына берген сұхбаты барысында бөліскен еді.