Ұйғыр тұтқын терген мақта: H&M, Nike Қытайдағы мұсылмандарға қолдау білдірді
Nike, H&M, Zara және Adidas сынды батыс брендтері Қытайдан мақта алуды тоқтатқалы Қытай да киім-кешек брендтеріне қарсы науқанды күшейтті. Бұл брендтер Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды жұмысқа жегу арқылы мақта өсіріп жатыр деп алаңдайды. Бұған қоса Пекин өзіне ұнамаған Батыс әншілеріне де шүйлікті.
Батыстың киім-кешек шығаратын брендтері Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандардың күшін пайдаланып өндірген мақталарын өздеріне сатып жатыр деп алаңдайды. Биыл АҚШ, Еуропа, Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымына байланысты санкция салған соң брендтер де Шыңжаңда өсірілген мақтаға бойкот жариялауды ойластыра бастаған. Пекин де қарап отырған жоқ.
ПЕКИННІҢ БАТЫС БРЕНДТЕРІМЕН ШАЙҚАСЫ
Қытайдың кеден бас басқармасы 3 маусымда батыстағы сексеннен аса брендтің тіккен киімі, аяқ-киімі, ойыншығы, тіс щеткасы мен басқа да заттары «бала өміріне қауіпті» деп айып тақты. Кеден басқармасы Nike, H&M, Zara, Ralph Lauren, Gap, Uniqlo және GAP киімдерінде «химиялық зиян қоспа мен бояғыш» бар дейді.
Пекин даниялық LEGO ойыншығын да «балаға зиян» деп айыптады. Қытайдың кеден органы «зиянды заттар 2020 жылдың маусымы мен 2021 жылдың мамыры кезінде жүргізілген тексеріс кезінде анықталды» дейді.