«Наркозды көп салып жіберген»: Шымкентте қарапайым ота жасатуға келген қыз комадан бір-ақ шықты

0 570

Шымкент қаласы Төле би ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операцияда алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барамын деп жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты, деп хабарлайды  КТК арнасы.

Жақындарының айтуынша, қарапайым отаны дәрігерлер күрделендіріп жіберген. Біреуі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде апараттары өшіп қалып 15 жасар науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Енді миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыл халде жатыр.

Айдана Қалдықұлдың туыстары 10 күннен бері аурухананың табалдырығын тоздырып жүр. Төле би ауданының тұрғыны тілінің астына шыққан етті алып тастау үшін портал арқылы 27-мамырда Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасына келген. Бірақ бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті жүрегі берер минутқа тоқтап қалған. Ота кезінде салғырттық танытқанын дәрігерлердің өзі туыстарына мойындапты.

«Наркоз көп берген, салғырттық танытқан, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Апараттары істен шыққан екен. Кейін өздері мойындап отыр. Бас анестезиолог өзі айтты. Біз білмей қалдық деді. Қыздың организмі жас, өзі жеңу керек. Бізде қолдан келер шара жоқ дейді,» – деді Айдананың анасы Фарида Өтегенова.

Айдана биыл 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жасар науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.

«Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр», – деді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.

Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты.  Жансақтау бөлімінің меңгерушісі  бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай дейді.

«Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз.  Келісім болса. Қазір баланың жағдайы Алматыға тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр», – деді Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова.

Ақ халаттылар  Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жасар өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.