9 айда тұрғызылған зауыт коронавируспен күресуге дайын

0 226

Коронавирус кеселімен күресіп жатқанымызға жылдан асты. Осы мерзім ішінде әр мемлекет індетке қарсы өз вакцинасын шығаруға күш салып жатыр. Алайда бұл бағытта Ресейдің «Спутник V»
вакцинасы көш ілгері келеді. Бүгінде аталған вакцинаны 60 мемлекет тұтынуда. Дегенмен отандық екпенің де елге егілетін күні алыс емес.

Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанынан кірпіші қаланған биофармацевтикалық зауыттың құрылысы аяқталып, алғашқы өнімін нарыққа шығаруға дайын.
Жалпы мұндай кәсіпорынның құрылысы 2-3 жылды қамтуы керек. Алайда Қордайдағы зауыт тоғыз айда тұрғызылып отыр. Былтыр маусым айында қазығы қағылған өндіріс орнында қазір негізгі жұмыстар аяқталған. Бірінші кезеңнің жобалық құны 7 миллиард теңге болған зауыттың құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстары бітіп отыр. Тек аумақты абаттандыру және тасжол төсеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанға жиһаз бен құрылғыларды кіргізу 95 пайызға аяқталса, технологияның дені АҚШ, Германия, Италия және Қытай мемлекеттерінен жеткізілген. Бүгінде технологиялық жабдықты монтаждау және оларды инженерлік желілерге қосу жұмыстары басталса, жергілікті мамандарға техника тілін үйрететін шетелдік азаматтарды елге кіргізуге рұқсат алу мәселесі пысықталуда. Құрылғылар толықтай орнатылып болғаннан кейін технологиялық жабдықты, таза бөлмелі кешендерді, инженерлік желілерді және технологиялық процестерді тексеруге жіті көңіл бөлінбек. Сондай-ақ алдағы уақытта зауытқа халықаралық GMP стандартының сертификатын алу да қолға алынады. Осылайша салаға жауапты мамандар «жеті өлшеп» барып кәсіпорынды іске қосуды көздеп отыр.
Ал өндіріс орнының бірінші кезеңі биылғы тамыз-қыркүйек айларында коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны құю кезінде іске қосылады. Оған дейін Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының базасында «QazVac» вакцинасының пилоттық партиясы сәуір айының соңында шығарылады деп жоспарлануда.
Негізі бүгінге дейін Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының базасында ауыл шаруашылығына қажетті 67 түрлі вакцина шығарылған-ды. Ал былтыр ғалымдар ең қауіпті саналатын 6 ауру түріне 27 миллион вакцина дайындаған. Енді мұнда әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады.
Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын дайындау жоспарланып отыр. Ал коронавирусқа қарсы отандық «QazVac» вакцинасының алғашқы кезеңі бойынша бүгінде 50 мың данасы дайын.
– Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты мен «СК-Фармация» арасында 2 миллион доза вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Бірінші кезең бойынша 50 мың екпені дайындап, сәуір айының соңында жөнелткелі отырмыз. Қазір вакциналар биологиялық бақылауда тұр. 25 сәуір күні «СК-Фармация» компаниясының жүк көліктеріне тиелетін болады. 50 мың доза вакцина 25 мың адамға жетеді. Екпе егу жұмыстары екі кезеңде жүргізілетіндіктен, қазір біз вакцина құятын қосымша орындарды іздестірудеміз. Себебі біз аз уақыттың ішінде 2 миллион вакцина шығаруымыз керек, – дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья.
Институттың вирусолог-ғалымы Леспек Құтымбетов вакцинаның бір қораптағы көлемі мен сақталу мерзімі туралы айтып берді.
– Бір қорапта 10 құты вакцина болады. Яғни бір қорап 10 адамға екпе салуға жетеді. Бір құтыға жарты миллилитр вакцина құйылған. Вакцинаны қолданбас бұрын оны шайқап жіберген жөн. Себебі құрамындағы компоненттердің барлығы араласуы керек.
Вакцинаны 2-8 градус суықта сақтау қажет. Тоңазытқышқа қатырып қоюға болмайды. Дәрі бір жылға дейін өз күшін жоймайды, – дейді вирусолог-ғалым.
Отандық вакцинаның құрамы мен шығарылу тәсілі құпия сақталуда. Алайда мамандар «QazVac»-тың «Спутник V» екпесінен кеш шығарылуының өзіндік себебі бар екенін айтады.
– Ресей мемлекетінде вирусология бағытында жұмыс істейтін 6 зауыт бар. Ал бізде бұған дейін тек біздің ғылыми институт жұмыс жүргізді. Зауыттың өзін мұнда салып жатырмыз.
Аталған институтта бүгінде 56 ғалым еңбек етсе, Ресей мем­ле­­­ке­тін­дегі ғалымдардың саны
2 мың­нан асады. Десе де мамандар саны­ның аздығына қарамастан, көрші мемлекеттерден қалмауға тырыс­тық.
Қазір елімізге вирусолог маман­дар ауадай қажет болып тұр. Ондай кадрларды даярлау үшін жаңа­дан салынған зауытта қажетті қондыр­ғы­ларды орнаттық. Енді осы бағыт­та жұмыс жүргізуіміз керек, – дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья.
Бүгінде институт базасында
13 ғылыми-зерттеу лаборато­рия­сы бар. Осы зертханаларды қажетті мамандармен қамтысақ, вирусология бағытындағы жұмысымыз көш ілгері жылжитыны сөзсіз.
Отандық «QazVac» вакцина­сы­ның алғашқы 50 мың дозасы Ақтөбе облысы мен Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізіледі деп күтілуде. Ал мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылмақ. Аз уақытта мұндай көлемдегі вакцина шығару үшін еліміз Түркия мемлекетімен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Бұл жайында жуырда вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде вакцина өндіру қуатын айына 500 мың дозаға дейін жеткізу өте қиын екен. Сол себепті маусым айынан бастап үлкен өндіріске шығу жоспарланып отыр. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі Түркиямен келісімге келіп, отандық ғалымдар әзірлеген вакцинаны аталған елдің өндірістік базасында құюға келіскен.
«Түркия мемлекетінің вакцинасы болмағанымен, үлкен өндіріс орындары бар. Сол себепті олармен алдын ала келісімге келдік. Сондай-ақ Түркия елімен зауытты сүйемелдеу және салу туралы мәміле де жасалды. Бұдан бөлек вакцинаның халықаралық стандарттарға, бірінші кезекте GMP талаптарына сәйкес келуі үшін және жабдықтың өзін монтаждауға демеу көрсету туралы уағдаластық болды. Яғни Түркияда тек құйылады, ал өндіріс біздікі», – дейді Ералы Тоғжанов.
Міне, осылайша отандық вакцинамыз үлкен нарыққа жол салды. Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпар. Десе де бізге ең әуелі өз еліміздің азаматтарын вакцинациялап алу қажет екені анық. Алғашқы 50 мың доза 25 мың тұрғынға жететін болса, демек, халықтың бір бөлігі отандық вакцинаны тұтына алады деген сөз. Ең бастысы, екпе дертке дауа берсін деп тілейік.

Саян ТІЛЕУЖАН

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.