144,8 миллион теңгенің келісім шарты жасалған

0 144

Картоп өсіру оңай емес. Оны күтіп-баптағаннан бөлек, зиянкес жәндіктер мен аталған өсімдікке тән түрлі ауру-сырқаудан қорғаудың да өз машақаты бар. Жерге химиялық өңдеу жүргізу, алқапты жыртыдан бастап, тұқымды егу, суару, түсімді жинау секілді жұмыстарда соңғы үлгідегі жетілдірілген техникаң мен технологияң болмаса бәрі бекершілік. Сол үшін де өңірдегі шаруалар маңдай тер мен еткен бинеттің арқасында келген ырзығын арзан бағада өткергісі келмейді. Олардың ойын біз облыстық кәсіпкерлер палатасында Жуалы аудандық картоп өсіруші шаруалардың мәселелері талқыланған жиында ұғындық.

Былтыр күзде «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мен аталған аудандағы 11 шаруа қожалығы арасында 144,8 миллион теңгеге қарыз беру туралы келісімшарт жасалған екен.

Келісімшарт бойынша облыстың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аталған шаруаларға жеңілдетілген 0,01 пайызбен несие беріліпті. Шартта көрсетілгендей қарыз алушы кәсіпкерлер биыл түсімнің 50 пайызын, яғни жиналған картоптың жартысының әр келісін 65 теңгеден аспайтын бағада өткізуі тиіс болған. Бұл облыстық тұрақтандыру қорының мұқтажын өтеу үшін жасалғаны белгілі. Алайда картоп тұқымының сапасы төмен, сондай-ақ ауарайы қолайсыздығына байланысты биыл егін көлемі жоспардағыдай орындалмаған. Одан бөлек биыл картоп нарықта жылдағы бағадан қымбаттап кеткен. Шаруалар картоптың әр келісін 65 теңгеден аталған акционерлік қоғамға өткізу шығынды ақтамайтынын айтады. Олар картопты тұрақтандыру қорына нарықтық бағадан 20 пайызға арзан бағада өткізуді сұрайды.

Басқосуда аталған акционерлік қоғамның және облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының, «Злиха», «Азамат», «Алатау», «Аскар», «Жаннат», «Жүзбай», «Садирова», «Төлеген», «Үмбетәлі», «Шарипов», «Рапилбек» шаруа қожалығының басшылары қатысыпбасшылары мәселені екі жаққа да тиімді мақсатта шешуге тырысты.

«Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ сауда және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, қыс мезгілінде әлеуметтік маңызы бар саналатын картоп өніміне тұрғындар тарапынан сұраныс артады. Халық сұранысын өтеу және наразылық тудырмау үшін шаруалар қазір кемінде мың тонна картоп өткізуі қажет екен.

Әр тарап өз мүддесін қорғауға тырысқан жиын соңы аталған мәселе тағы да «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма кеңесінің отырысында қаралатын болып тарқады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.