Айша бибіде күн электр стансасы салынады
Облысымызда күннен, желден және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 17 станса бар. Бұл республика бойынша 20 пайызды құрайды. Облыс аумағында орналасқан 5 күн, 6 су электр және 6 жел стансалары жұмыс істеуде.
Қазақстан Республикасы «Жасыл» экономикаға» өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай жасыл энергия көздерінен өндірілетін қуат күшін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыста табиғат көздерінен энергия қуатын өндіру орындары нақтыланып, ол 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасына енгізілген. Осылайша картаға сәйкес 2020-2030 жылдар аралығында жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жобаның тізімі жасалған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы өзендерге және су қоймаларына су электр стансаларын салу бойынша болашақта жүзеге асырылатын жобалар тізімі де әзірленген. Сөйтіп, 2021-2030 жылдар аралығында электр уатын өндіретін стансалар саны 32 нысанға жеткізіліп, 1251 қуат өндіру жоспарланған. Бұл жобаға Жамбыл ауданы «Родина» ЖШС күн сәулелі электр стансасының да құрылысы енгізілген.
Бүгінде облысымызда жел электр стансасы іске қосылғаннан бастап 130 миллион киловаттан астам экологиялық таза энергия өндірген. Қазіргі уақытта қуаттылығы 54 мегаватт болатын қосымша 3 блокты стансаның құрылысы жүргізілуде. Биыл Шу ауданындағы Тасөткел су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.
Өңірде жаңартылмалы энергетикалық жобалар мықтап қолға алынған. Атап айтсақ, Қаратау қаласының маңында 4 және 4,5 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Жаңартылған энергия көздерін құрайтын нысанның бірі – 224 гектар алқапты алып жатқан Жуалы ауданындағы күн электр стансасы. Мұнда сағатына 100 мегаватт энергия өндіріледі. Енді Жамбыл ауданында да дәл осындай, бірақ өндірістік қуаты 150 мегаватты құрайтын күн электр стансасы салынбақ.
«Родина» ЖШС күн сәулелі электр станциясының құрылысы энергетика саласында іске асырылатын инвестициялық жобасы болып саналады. Орналасқан жері Айша бибі ауылдық округі. Жоба бастамашысы «Родина» ЖШС. Серіктестік өкілі Евгений Варягиннің айтуынша, жобаның құны 20 миллиард тенгені құрайды.
Аудан тарапынан жаңа күн электр стансасының құрылысын жүргізу мақсатында 300 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңға «Шелл-Қазақстан» ЖШС инвестициялық жобаны «Родина» ЖШС сатып жиберуіне байланысты жобалық-сметалық құжаттары қайта есептелуде. Іске асыру мерзімі 2021-2022 жылға жоспарланған.
Өңірде жасыл энергия өндіру жобасын жүзеге асыру алғаш қолға алынып отырғандықтан ол алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Арнайы жер бөлінген, енді инвестор іске кіріссе болғаны. Ебін тапса дархан даланың суы, соққан желі мен шыққан күні де игілік. Бұл жоба біздің өңірде ғана емес, бүкіл елде экономикалық және экологиялық тұрғыда тиімді жобалар кең қанат жаяды деген сенім мол.Себебі ол – болашақтың энергиясы.