Байланыс пен интернет жоқ: Қазақстанда ауыл тұрғындары ресейлік операторлардың қызметіне жүгінуде

0 275

Қостанай облысы Өрнек ауылдық округіндегі төрт ауылдың тұрғындары ресейлік ұялы байланыс операторларының қызметтерін пайдалануға мәжбүр.

Тұрғындар роумингтегі қоңыраулар мен интернетке қосылып жүр. Бұл елді мекендерде қазақстандық байланыс орнатылмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселені шеше алмағандарына бір жылдан астам уақыт болған.

“Ауылдан шығып кетсең, қазақстандық та, ресейлік те байланыс ұстамай қалады. Жолда қалып қалсаң, ешкіммен байланыса алмайсың”, – дейді ауыл тұрғыны Светлана Мирманова.

Жергілікті мектеп оқушылары үшін де интернеттің жоқтығы үлкен қиындық тудырып отыр.

«Әкем бізді ауылдан 20 шақырым қашықтықтағы қиылысқа апарады. Сол қиылыста ғана қазақстандық байланыс ұстайды. Көп оқушылар сабақты көліктің ішінде оқиды, көліктің ішінде дайындалады», — дейді мектеп бітіруші түлек Ақсаным Әміржанова.

Ауылда кейбір кездері ресейлік байланыс істейтін көрінеді. Сондықтан тұрғындар басқа оператор көмегіне жүгінуге мәжбүр.

«Интернетке қосылу үшін балалар ресейлік байланысты пайдаланып жүр. Күшейткіштің бағасы 70 мың теңгені құрайды. Жергілікті кәсіпкер жартысын төледі, қалғанын біз төледік. Біз ай сайын бес мың теңгені төлейміз, бірақ оның өзінің интернеті өте нашар жұмыс істейді», — дейді жергілікті тұрғын Индира Әміржанова.

Ал жергілікті билік бұл мәселені шешу оңайға соқпайтынын айтты.

«Ресейлік байланысты үзу үшін біз күшейткіштер мен үлкен мұнаралар тұрғызуымыз керек. Бұл көп ақша жұмсайтын қымбат нысан», — дейді Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Салмағамбетов.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.