МОБИЛЬДІ ТОП: ӘР МИНУТ МАҢЫЗДЫ
Әлемді дүрліктірген пандемияның әлегі бір бөлек, елімізде пневмония мен тұмау өршігенде дертіне дауа іздеп, жедел жәрдемге хабарласатындардың да саны күрт өскен. Ал дәрігердің міндеті – шұғыл жету, дереу көмек көрсету.
Сондықтан Т.Рысқұлов ауданында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы «COVID-19 ауруына күдікті, COVID-19 ауруын амбулаторлық деңгейде бақылауды ұйымдастыру туралы» бұйрығын және оның жұмыс алгоритмін орындау мақсатында аурухана Бас дәрігерінің 2021 жылғы 7 шілдедегі № 197-ө бұйрығымен аудан бойынша COVID-19 коронавирусты жұқпалы ауруымен ауырып жатқан науқастарды, коронавирусты инфекциясына күдікті және жедел респираторлы аурумен ауырып жатқан адамдарға медициналық көмекті, амбулаторлық қадағалап- қарауды ұйымдастыру үшін 12 мобильді топ құрылған болатын. Мобильді топ құрамына жалпы тәжірибелік дәрігер, орта буынды қызметкер мен санитарлық автокөлік жүргізушісі бар. Аудандағы 42 елдімекенде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мобильді топ мамандарымен 6366 медициналық көмек көрсетілген.
Мобильді топтың қызметіне — жағдайды одан әрі қашықтан бақылау, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу, үйде стационарлар ұйымдастыру, көрсетілімдер бойынша ПТР-ға анализ алу. Содан кейін медициналық құжаттарды, аурухана парағын рәсімдеу, рецепт жазып беру және т. б. кіреді.
Ауру белгілері болған жағдайда өкпені тексеруге компьютерлік томографияға жолдама беріледі. Сонымен қатар, мобильді топ үйдегі оқшаулауды сақтау үшін тұрмыстық жағдайын және отбасы мүшелерінің науқасқа күтім жасау мүмкіндігін бағалайды. Үй карантиніне жағдай болмаса, инфекциялық стационарға жатқызу мәселесі шешіледі.
Айта кететіні, ауруханадан шыққан науқас 14 күн учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің бақылауында болады.