COVID-19 құрбандарының саны бойынша көшбасшы ел аталды
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, Перуде коронавирустан қайтыс болғандар саны екі еседен аса көбейген, — деп хабарлайды Reuters.
Мұндай ақпарат республика үкіметі елдегі коронавирус инфекциясынан болған өлім-жітім деректерін қайта қарағаннан кейін алынған. Осылайша Перу әлемде жан басына шаққандағы өлім-жітім деңгейі ең жоғары ел болды.
Деректерді қайта қарағанда қайтыс болғандардың ресми саны 180 мыңнан асқан. Бұрынғы мәлімет бойынша, Перуде пандемия басталғаннан бері COVID-19 жұқтырған науқастар арасында 69 342 өлім жағдайы тіркелген.
«Бұл ақпаратты жариялау міндетіміз деп санаймыз. Енді біз қайтыс болған науқастарды жаңа, дәлірек әдіспен есептейміз», — деді премьер-министр Виолета Бермудес.
Салыстыру үшін: көрші Колумбияда 88 282 өлім тіркелсе, Боливияда — 14 мыңнан аса, ал Бразилияда 460 мыңнан аса адам коронавирус құрбаны болған.
Перу Латын Америкасындағы COVID-19-дан ең көп зардап шеккен елдердің бірі, нәтижесінде өлім жағдай көбейген және елде оттегі баллондары жетіспейді.