Келешек мегаполис – Ақтөбе
Қазақстанның ірі мәдени және индустриялық орталықтарының бірі – Ақтөбе облысы. Мұнда жеңіл өнеркәсіп те, тамақ, химия саласы да қарқынды дамыған. Еліміздің батысында орналасқан облыстың орталығы – Ақтөбе қаласына күні кеше 28 мамырда 152 жыл толды. Тәуелсіздік алған тұстан бері дамуға бет алған аймақты болашақта мегаполиске айналдыруға бағытталған жұмыстар да жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Облыс орталығы жер көлемі жөнінен Қазақстан бойынша екінші орында болса, халық саны бойынша – бесінші орында. 1991 жылмен салыстырғанда, ақтөбеліктер саны 69,4 пайызға өсіп, бүгінде 512 мыңнан асқан. Айтқандай, бұл облысқа қатысты үлкен үміт артылып отыр. Өйткені мұндағы экономикалық, индустриялық даму көңіл қуантарлық деңгейде. Сондықтан осы қарқыннан таймай, жұмыс атқарылатын болса, миллионер қалаға айналып, ел аумағындағы маңызы тіпті арта түсері сөзсіз. Қаладағы туу деңгейінің статистикалық деректеріне көз салатын болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылына қарағанда 2,7 есе көбейген. Сондай-ақ бір қуаныштысы – осы отыз жылда Ақтөбе қаласының неке қиып, отбасы құрған шаңырағының саны 61,9 пайызға өсіпті. Ал облыс орталығындағы ажырасу, керісінше 36,3 пайызға азайған. Республиканың бірқатар аймағында отбасылардың екіге кету проблемасы етек жайған уақытта мұндай көрсеткіштің қуантатыны рас.
Облыстың экономикалық және әлеуметтік ахуалына қарап, баға беру оңай. Бұл жағынан келгенде Ақтөбе облысында жағымды динамика байқалады. Мәселен, былтыр бүкіл әлемді жайлаған пандемияға қарамастан, экономикалық көрсеткіштер азайған жоқ. Бірқалыпты күйді мұндай қиын-қыстау кезеңде ұстап тұра алғаны оған дейін жемісті әрі жүйелі атқарылған жұмыстан хабар береді. Демек, бұл өңірде әлеуметтік мәселе пайда бола салысымен оны ұтымды шешудің жолын қарастырады деген сөз. Былтырғы деректерге көз салсақ, облыстағы ішкі өнімнің физикалық көлемі 2020 жылдың тоғыз айында 98,2 пайызды құраған. Өнеркәсіп саласында – 103 пайыз (1 716 млрд теңге), ауыл шаруашылығында – 106,7 пайыз (325 млрд теңге), құрылыс саласында 105,9 пайызды 204,2 млрд теңге) көрсетіпті. Өңірге тартылған инвестиция көлемі бұдан бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 6,6 пайызға көбірек болып, 646,8 млрд теңгені құраған.
Ақтөбенің, әсіресе өнеркәсіп саласындағы маңызы зор екенін білеміз. Мәселен, бүгінде облыста жалпы көлемі 138,3 млрд теңгелік 23 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Машина құрастыру саласындағы бірден-бір жетістік ретінде «Ақтөберентген» АҚ-ты айтса болады. Өйткені облысқа ғана емес, түгел республикаға танымал кәсіпорын Қазақстандағы рентгендиагностикалық мекемелермен қоян-қолтық келісім жасасып, жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Нәтижесінде, медициналық жабдық өндірісі 340 пайызға өсті. Орта есеппен бір жылда жүздеген аппарат шығарады.
Қазір облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны едәуір өсіп келеді. Жұмыс істейтін тұрғындардың да үлесі артты. Бұл дегеніміз – аймақта жұмыс орындарының көбейгенін білдіреді. 2025 жылға дейінгі «Бизнестің Жол картасы» аясында 2020 жылы 600 шағын және орта бизнес жобасы мақұлданған. Бір айта кетерлігі, бұл көлем бекітілген жоспар, күтілген нәтижеден асып түскен екен. Яғни, 349 жоба болады деп күтілгенімен, нәтижесінде 72 пайызға артығымен орындалғанын көріп отырмыз. Осы факторларға қарап отырып-ақ Ақтөбе облысының аймақтар ішінде біраз салада көш бастап келе жатқанын көруге болады.
Қай аймақта болсын күйіп тұрған үлкен мәселе – баспана. Бұл тұрғыдан қарастырғанда Ақтөбе облысы қандай нәтиже көрсетіп отыр екен деген заңды сауал туындайды. Бір байқайтынымыз, бір ғана қаланың өзінде бүгінде тұрғын үй саны әжептәуір өскен. Соған сәйкес, армандаған пәтерінің кілтіне қол жеткізген тұрғын саны да артып жатыр. Мысалы, былтырғы статистика бойынша, Ақтөбе облысында 1040,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс тұрғындары мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық мүмкіндікті мүлт жібермей, пайдаланып қалуға тырысады. Мұндай белсенділік болған жерде жергілікті атқару органдарының жұмысқа қызу кірісуден өзге амалы да қалмайтын сыңайлы.
Тәуелсіздік жылдарында облыстағы ауыз толтырып айтатын жетістіктердің бірі ретінде тұрғын үйлердің бой көтеріп, облыс халқының қоныстой тойлауын айтса артық болмас. Мәселен, былтыр «Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй массивінде 4 тоғыз қабатты, 5 үш қабатты үйлер салынып, 1 138 пәтер кілті табысталған. Облыс орталығында ғана емес, мұндай жағымды жаңалық аудандар да бар. Әкімдік кезегінде тұрғандар үшін 2020 жылдың тоғыз айында жалға берлетін коммуналдық тұрғын үйден 161 пәтер берілген. Атап айтқанда, Байғанин, Әйтеке би, Алға, Қобда, Ырғыз аудандарында жүзеге асырылған. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын қаланың 150 жылдығы мен Жастар жылына орай жергілікті әкімдік пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы бірлесе жастарды баспанамен қамту мақсатында «Жастарға қолжетімді 150 пәтер» бағдарламасын жүзеге асырған еді. Қолжетімді дегені расында анықтамасына дәл келеді. Аталған бағдарламамен үй алған жастар «Азғантай ақшамен ғана тұтас пәтерге ие болу мүмкін бе?» деп біраз уақыт сенбей жүрген еді. Аймақтың басты драйвері саналатын жастарға мұндай қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын тапса, құлшына қызмет ететіндер саны артатыны сөзсіз.
Осыдан тіпті он жыл бұрынғы Ақтөбемен салыстырғанда қазіргі қаланы мүлдем танымай қалуға болады. Өйткені территориялық ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келе жатыр. Әсіресе, «Нұр-Ақтөбе», «Батыс», «Батыс-2» сынды тұрғын үй массивтерінің пайда болуы қалаға жаңа дем бергендей әсер қалдырды. Республиканың өзге облыс орталықтарымен салыстырғанда, Ақтөбе шаһарының әдемі көрінісін де қонақтап келгендер тамсана айтады. Егер алдағы уақытта да осы алған бағыттан таймай, жергілікті атқарушы органдар жұмыс істей беретін болса, халық саны миллионға жеткенде сенімді түрде мегаполис деп атай беретін боламыз.
Қала әкімдігінің берген ақпаратына сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында аймақта бірқатар проблема оңынан шешіліп, бүгінде жағымды динамика көрсетіп отыр. Оның бірқатарын жоғарыда атап өттік. Тәуелсіздік жетістіктері ретінде кішігірім статистика айта кетсек. Мысалы, бүгінде қаланың өзінде 56 097 орындық 85 мектеп, 10 080 орынға арналған 44 мектепке дейінгі ұйым бар. Ал спорт желісінің нысандарына келсек, инфрақұрылым саны – 629.
Ірі қалаларда қызмет көрсету сапасы облыстармен салыстырғанда жақсырақ болатыны белгілі. Сәйкесінше, облыс орталықтарында бұл жағынан көп кемшілік кездессе, амалсыз көз жұма қарауға тура келеді. Әйтсе де, бұл тұрғыдан да Ақтөбе ірі қалалардан қалыспауға тырысады. Яғни, заманауи шешімдерді, қызметтерді дер кезінде енгізу арқылы халыққа қолайлы жағдай жасалып отыр. Соның бір дәлелі ретінде былтырдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет порталы арқылы 24 қызмет түрі көрсетілетін болды. Әрі облыста цифрландыруға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жергілікті тұрғындар тарапынан белсене қолданылатыны – пәтер иелерінің кооперативі жұмысын автоматтандыру, электронды сауда және өзге де өзекті мәселелерді оңтайландыру жобалары. Бүгінде облыста жергілікті мобайл қолданба қолданысқа енгізілген. OPEN AQTOBE деп аталатын платформада облыс, қала, аудан тұрғындары онлайн сервистерді тегін қолданып, қажет ақпаратты үйден шықпай-ақ ала алады.
Сондай-ақ «109-Aqtobe» ситуациялық орталығы жұмыс істейді. Мұнда коммуналдық қызмет сервистері біріктірілген. Былайша айтқанда, елордада қолданылатын іKomek-тің үлгісімен жасалған. Бас қала тұрғындарының белсенді қолданатынын ескерсек, алдағы уақытта ақтөбеліктерден де сондай әсер болуы мүмкін. Өйткені арыз-шағым, ұсыныс пен өтінішті оңай қалдыратын сервис қала не аймақтың дамуына тікелей әсер етеді.
Елбасы бір сөзінде «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен – Ақтөбе!» деген еді. Бүгінде бұл сөз ақтөбеліктердің ұранына айналған. Облысқа бара қалсаңыз, дәл осы сөзді көп жерден көзіңіз шалады. Жергілікті тұрғындарға мол жігер, құлшыныс пен мақтаныш сыйлайтын мұндай сөздің жүректен орын алуы заңдылық. Бәлкім, мұның астарында өңірдің әлеуетіне, мүмкіндігіне деген нық сенім де жатқан болар. Қалай десек те, қазір Ақтөбе расында құтты мекенге айналып отыр. Өсіп, өркендеп келе жатқанына да куәміз.