ЖАНАРДЫҢ ЖЕМІСТІ ЖОБАСЫ

0 279

жұмыссыздықты азайтуға өз септігін тигізуде
Бүгінде ел экономикасының тұрақты дамуына кәсіпкерлердің де қосқан үлесі орасан зор. Осыны нақты түсінген билік басындағылар әрбір елді мекендерде шағын кәсіптің болуын жөн деп санайды. Ол үшін осы бағытта арнайы құрылған ұйымдар мен бірлестіктер қарапайым тұрғындарға бизнес бастаудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптен өз нәсібін табуға баулуда. Одан бөлек олар кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бизнесті бастау кезінде орын алатын олқылықтарды болдырмаудың жолын көрсетуде.

Жалпы соңғы жылдары аталмыш салаға ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының тірегі шағын және орта бизнес екендігін алға тартып, оған мықтап көңіл бөлу керектігін жеткізген еді. Ел Президенті өз сөзінде «Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді. Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі. Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын.

Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді. Қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырамын. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткіземіз» деп бірқатар бағдарламалардың әлеуетін арттыру жолдарын көрсетті.

Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар ішіндегі «Еңбек» жобасы тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Аталмыш бағдарлама арқылы кәсібінен нәсіп тауып, шарапатын көріп отырған жандардың саны жыл сайын артып келеді. Аталған бағдарлама әсіресе, ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы. Бүгінде үлкен кәсіпорын ашпай-ақ, кәсібін жаңадан бастаған жандар өзі жұмыс орындарының ашылуына, жұмыссыздықтың жоюылуына ықпалын тигізуде. Мәселен, солардың бірі — Жанар Атыхаеваның жемісті жобасы.
Жанар әжей аудан тұрғындарына қазақы нақыштағы киім түрлерін тігумен танымал болған тігінші. Жергілікті нарықта 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өз шеберханасы бар. Қазіргі таңда Жанар ханым «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алып, төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

— Олардың әрқайсысы өз ісінің шебері, — дейді кейіпкеріміз. – Айтқан, көрсеткен дүниеңді тез ұғып алады. Жанымда дәл осындай қолынан іс келетін қыздардың болғанына қуаныштымын. Әрине, ұлттық киім тігу, оның өрнегін салу оңай шаруа емес. Біздің жұмыста кәсіби шеберлікпен қатар, салт-дәстүрдің, ою-өрнектердің мағынасын білу – аса маңызды. Себебі, киім үлгілерін кез келген оюмен өрнектей салуға болмайды – деп, ұлттық киімдер заманға сай түрленіп, қазақы сән үлгісіне күн сайын сұраныс артып келе жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, үлкен цех ашу жоспарда бар екенін жасырмады.

Кейіпкеріміздің шеберханасы тек киім тігумен шектелмейді. Мұнда ұлттық нақыштағы қыз жасауы, әр түрлі кәдесыйлар, тұрмысқа қажетті заттар жасалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.