Кәсіпкерлерді қорғау-бизнеске қолдау
Еліміздегі құқықтық нормалар кәсіпкерлік саласындағы құқықтық қарым-қатынасты реттеп қана қоймай, олардың құқығын да қорғауға арналған. Бастысы кәсіпкерлер заңға, адамшылыққа қайшы әрекетке бармай, ойға алған ісін заң аясында жүзеге асырса болғаны. Ал оларға қоғамда қоқан-лоқы немесе қысым жасалуына жол берілмейді. Жалпы бұл заңдылықтардың орнымен жүзеге асырылуы прокуратура органдарының жіті назарында. Егер де кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуы туралы прокуратураға хабарлама түссе немесе кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласу жағдайлары байқалса бизнесмендердің заңды құқығын осы орган қорғайды. Мәселен Қордай ауданының прокуратурасы бизнес субъектілерінің жер қатынастары саласындағы құқықтарының сақталуы мен уәкілетті органдар тарапынан жүргізілген тексеру заңдылығына талдау жасапты. Нәтижесінде кәсіпкерлік қызметтің дамуына кедергі келтіретін бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Тап айтқанда, осы жылдың 16 сәуірінде Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Gulser Computers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері бетпердесіз қызмет көрсеткені үшін тексеру жүргізген. Алайда, бейнежазбаны зерделеу барысында «Gulser Computers» ЖШС-нің қызметкерлері бетперде тағып жүргені анықталды. Бұған қарамастан, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұзып, негізсіз тексеру жүргізген. Аудан прокуратурасының араласуы нәтижесінде заңсыз тексеру тоқтатылып, «Gulser Computers» ЖШС-нің құқықтарының бұзылуына жол берілмеді.
Сонымен қатар, Қордай ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімі бизнес субъектілеріне заңмен көзделмеген талаптарды жүктегені анықталды. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру шарттарына Жер кодексінің нормаларымен белгіленбеген «бiржақты бұзу» тармағын қосып, кәсіпкерлерді өздеріне тәуелді етуге тырысқан және сыбайлас жемқорлықтың туындауына жағдай жасаған.
Қордай ауданы прокуратурасының қадағалау актісі негізінде 614 кәсіпкерлермен жасалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру шарттары заң талаптарына сәйкес қайта жасалып, кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол берілмеді. Соның арқасында орын алуы мүмкін сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілді. Лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды.
Осы тектес заң бұзушылықтарға жол бермеу және кәсіпкерлер құқықтарының бұзылу фактілеріне шұғыл әрекет ету бойынша Қордай ауданының прокуратурасында мобильді топ жұмыс атқару үстінде.