Ерлан Қарин Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің жаңа талаптарын атады
Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеу басталғанын хабарлап, ондағы жаңа талаптарды атады.
Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында жуықта Президенттік жастар кадр резервіне екінші қабылдау басталатынын жазды. Айтуынша, бүгін Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы «Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлыққа қол қойған.
«Резервке екінші іріктеуге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмайтын жастар қатыса алады. Сондай-ақ, жаңа іріктеу шеңберінде үміткерлердің мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде меңгергені туралы сертификаттың болуы туралы талап енгізілді», — деді Президентің көмекшісі.
Оның жазбасында айтылғандай, кандидаттарды іріктеу арнайы ақпараттық жүйе арқылы бірнеше кезеңде жүргізіледі:
1. Құжаттарды қабылдау (онлайн);
2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (онлайн);
3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу (онлайн);
4.Құзыреттерді бағалау (офлайн);
5. Сараптамалық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу (онлайн);
6. Ұлттық комиссияның отырысында қарау (алдын ала онлайн).
Үміткерлер резервке 3 жылға қабылданады.
«Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадр резервінің алғашқы легінен шыққан 179 жас маман мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компанияларға қызметке тағайындалды. Осылайша, Президенттік Жастар кадрлық резерві өзінің басты міндеті – жас мамандар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру міндетін іске асыруда», -деп жазды Ерлан Қарин.