«Жолдасымның опасыздығын кешірдім»: Қызылордалық келіншек күйеуіне қалай екі рет тұрмысқа шыққанын айтып берді

0 1 389

Жарық дүниеге келген адамдардың тағдыры әртүрлі. Бірінің басына бақ өлшеусіз қонып жатса, енді бірі тағдырдың жазғанына мойынсұнуға мәжбүр. Қызылордалық Ақмарал есімді келіншек еншәрсеге қарамастан өзің бақытты әйелдердің қатарына жатқызады. Ол сүйіктісі мен жақындарының сатқындығын кешіре алған.

 

Ақмарал 23 жасында бірінші рет тұрмысқа шыққан. Күйеуі екеуі бір мектептің түлектері болған. Оқу бітіргеннен кейін, отбасын құрып, жаңа өмірге бірге қадам басқан екен. Оң аяғымен табалдырықты аттап, келіндік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген. Өзі — бастауыш сынып мұғалімі, күйеуі ауылдағы шаруа қожалықтардың бірінде күрішші. Тапқан табыстарын әулиет үлкендерінің алақандарына салып келген. Бірнеше жыл өткеннен кейін жас отбасында сәби дүниеге келген.

«Екі жылға дейін бала көтере алмай жүрдім. Бұл жағдай мені қатты уайымдататын, енем де жиі сұрай беретін. Кезекті еңбек демалысымда күйеуім екеуміз дәрігерлерге қаралып, тиісті емімізді алдық. Аяғым ауырлағанда қатты қуандым, өйткені мен де ана атанғым келді, сәби сүюді армандаған едім. Оның үстіне ұл балаға отбасымыз ерекше ықыласын бөлді», — дейді Ақмарал.

Жас келіншек күйеуімен қарым-қатынасы екінші қызын босанғаннан кейін бұзыла басталғанын айтады. Азаматы үйге қонбайтынды шығарған. Бос уақытын достарымен өткізіп, ащы суға жақындай түскен. Үйде жанжал жиі болатын болған. Ұрыс-керістің кезінде енесі келінін ешқашан жақтамаған, есесіне баласын сөзін сөйлеп, «отқа талай май құйды», дейді келіншек. Мұндай әділетсіздікті кешіргенімен, Ақмарал күйеуінің сатқындығын біраз уақытқа дейін ұмыта алмаған.

«Бір күні түнгі ұйқымнан шырт оянып кеттім. Жанымдағы төсегіме қарасам, күйеуім жоқ екен. Біраз уақытқа дейін күтіп жаттым. Келмеген соң, сыртқа шықтым. Сол кезде сарай жақтан ыңғайсыз дыбыстарды естіп қалдым. Жүрегім қатты дүрсілдеп кетті. Жақынырақ барғанымда күйеуімнің көрші әйелмен жақындасып жатқанын көрдім. Әлі күнге дейін сол көрініс көз алдымда тұр. Азаматымның ақталып жатқанын мүлдем естіген жоқпын. Беймезгіл уақытқа қарамастан, балаларымды ертіп далаға шығып кеттім», — дейді келіншек.

Бұл оқиғадан кейін Ақмарал біраз уақытқа дейін тыныштық таппаған. Жас келіншек анасының үйіне оралып, жаңа өмір бастауға бекінген. Күйеуі мен енесі келіп кешірім сұрағанымен, кейіпкеріміз сүйіктісінің сатқындығын ұмыта қоймаған. Кейін қайын жұрты екі балалы ананың өзіне кінә тағып, күйеуін төсекте қанағаттандыра алмады деп айыптаған.

«Бір кездері жақын араласқан туыстарым теріс айналып кетті. Маған түсіністік танытып, мені қолдаудың орнына енем тіл тигізіп, балағаттап кетті. Талай түндерді жылаумен өткізгенім есімде. Бірақ менде қайғырып отыратын мүмкіндік болған жоқ. Балаларым үшін өзімді қолыма алып, тіршілік жасауым керек болды. Тапқан табысымды жеткізіп, бөлек пәтер жалдап тұрдым. Екі құлыным үшін еңбек етіп кедемін», — деп бөлісті Ақмарал.

Ақмарал ерімен сот арқылы ажырасқанын айтады. Қанша ренжісе де, күйеуінің балаларымен араласуына қарсы болмады. Әр келген сайын, бұрыңғы азаматы сыйлықтарын әкеліп, қолынан келгенше көмегін көрсетіп кетіп жүрді. Осылайша арада үш жыл зулап өтіп шыққан. Бұрыңғы күйеуі қайта қосылуды ұсынып, кешірім сұраудан жалықпаған. Өзінің ісіне қатты өкінетінін, балаларын үнемі сағынып жүретінін айтыпты.

«Бұрыңғы күйеуіме қайта қосылу оңай болған жоқ. Шынымды айтсам, балаларым үшін ғана келісімімді бердім. Олардың әкесіз өскенін қаламадым. Оның үстіне, күйеуімнің шынымен өзгергенін, ісіне қатты өкініп жүргенін түсіндім. Бірақ мен қайтадан ауылға оралғым келмеді. Қаладағы жағдайым өзіме ыңғайлы еді. Сол себепті күйеуім де облыс орталығына көшіп келіп, құрылысқа жұмысқа орналасты», — дейді келіншек.

Ақмарал «жаңа» күйеуімен қайтадан некесін қидырып, заң жүзінде әйелі атанған. АХАЖ бөлімінің қызметкерлері де бұл жағдайға таңданыс білдірген екен. Ерлі-зайыптылар кішігірім мереке жасап, үлкендердің батасын алған. Алайда қызылордалық келіншек қиын сәтте теріс айналған жандармен алыстан сыйласуды жөн көруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.