Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналарын мерзімінен бұрын алатындар қатары кеңейді
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен төлемдерді кім мерзімінен бұрын ала алатыны туралы мәлімет берді.
Ерікті зейнетақы жарналары — салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар да, жеке және заңды тұлғалар да үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға өзі белгілейді.
1 мамырдан бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді.
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 33-бабының 1-тармағына сәйкес ЕЗЖ есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығына зейнетақы жинақтары бар мынадай адамдар ие болды:
- елу жасқа толған;
- мүгедектер;
- елден кету ниетін немесе фактісін растайтын, заңнамада айқындалған құжаттарды ұсынған жағдайда Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
- жинақтаушы зейнетақы қорында немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде бес жыл тізімде болған, ерікті зейнетақы жарналарының сомалары және оларға есептелген инвестициялық табыс шегінде зейнетақы жинақтары бар адамдар.
«Соңғы санаттағы адамдарға 2021 жылдың 1 мамырынан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ала алады. Осы жаңашылдыққа сәйкес ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлемдерді ЕЗЖ зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық тұлғалар ала алады. Осылайша, ерікті зейнетақы жарналары есебінен қаражат жинауды бастай отырып, мысалы, 20 немесе 30 жаста, тиісінше 25 немесе 35 жаста, өз алғашқы төлемдеріңізді ала бастауға болады», — деп түсіндірді БЖЗҚ-да.
Қор салымшыға ЕЗЖ-шотын ашқысы келсе, кеңсеге барудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Пайдасына жарна енгізілген жеке тұлғаны сәйкестендіру ақша аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады, ал БЖЗҚ барлық қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ала алады.