Бес баласы мен әйелінен кетіп қалған Түркістан тұрғынын көңілдесі тастап кетті
Түркістан облысының тұрғыны Жансейіт мырза әйелі мен 5 баласын, анасын тастап көңілдесінің соңынан кеткен еді. Алайда екі кеменің басын ұстаған ол жалғыз қалды. Көңілдесі де бас тартып, әйелі де ажырасуға бел буған. Алайда өз анасы мен балаларынан бас тартпайтынын айтады.
Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды.
Анаргүл бес баласы мен енесін қарап отыр. Өзі ауруханада санитар болып қызмет етеді. Өзі мен енесінің мойнында 5-6 несиесі бар. Бар тапқанын несиеге жұмсап отыр. Енесі келінім қызымдай деп мақтады.
«Айына 60 мың теңге алады. Оны несиеге құяды. Менің басымда несие бар. Оның бәріне ақша жетпейді. Жақында қайырымды жандар екі айдың несиесін төлеп берді. Зейнетақымнан көзіме дәрі алдым. Бұрын несиеден артылмайтын еді. Анаргүл күні бойы жұмыста. Баласын маған тастап кетеді. Арасында келіп емізіп кетеді. Солай өмір сүріп жатырмыз. Келініме ризамын. Ұлым әлі хабарласқан жоқ. Қалымды сұраған жоқ. Сол кеткеннен кетті. Екінші әйелімен бақытты болсын», – деді 70 жастағы Оразкүл Әлмесова.
Ал Анаргүл психолог мамандармен жұмыс жасап, дене күтіміне қарайлады. Арнайы мамандар, стилистермен жұмыс істеді. Сырт келбеті мен жандүниесін жақсартуға бел буды. Шашын қырқып, әдемі көйлек киді. Осыдан соң да өз күтіміне қарайтынын айтты.
«Мен Жансейітті кешіре алмаймын. Келсе де кешірмеймін. Маған балаларымды қарау керек», – деді Анаргүл.
Ал психолог маман Анаргүлдің бұрынғы жолдасын әлі де жақсы көретінін, қимайтынын айтады.
«Ол күйеуін қатты жақсы көреді. Қимайды. Жүрегінде тұр. Оның жақсы қасиеттерін айта береді. Анаргүлмен жұмыс істеу өте ауыр болды», – деді псиохолог.
Бағдарламаға Жансейіт мырза келіп, анасынан кешірім сұрады. Күйсіз жағдайға қалған ол бірінші әйелімен қосылмайтынын тағы айтты. Алайда балалары мен анасынан кешрім сұрады. Бір шоқ гүлін алып анасына келді.
«Кеше анамның туған күні болды. Хабарласып едім, телефонын алмады. Сосын кешірім сұрайын деп келдім. Өткен бағдарламада бәрі маған жабылып кетті. Сол үшін мен анама қарай алмай кеттім. Анаргүлмен қосылмаймын. Бірақ балаларым мен анамнан бас тартпайын», – деді Жансейіт.
Айтуынша, бүгінде жалғыз өмір сүріп жатыр. Көңілдесі де сол кеткеннен мол кеткен. Қайта қайырылмапты. Қайда екенінен хабарым жоқ дейді өзі. Ал анасы ұлын кешіре алмады.
«Өткенде келіп бетімнен сүюге жарамады. Мен сендерді асырап бақтым. Әкең өлсе де, жалғыз өзім бір қолыма бесік ұстап, бір қолыма сыпырғыш ұстап асырап бақтым. Сондағы рахметің сол ма? Ана әйелдің соңынан кетіп барасың. Аман-сау жоқ. Мен сені кешіре алмаймын. Гүлің де керек емес. Мен өлсем, басыма топырақ салуға келмей-ақ қой. Өз күнімді өзім көрем, көрмесем өлем шығар», – деді ашулы ана.
Айта кетейік, Жансейіт мырза Жанар есімді әйелға ғашық болғанын айтып, отбасынан кеткен еді. Бес баласы мен әйелі, анасы жылап қалды. Отбасылық жағдайы да мәз емес. Алайда құлқынның құлы болған азамат сезімінен бас тарта алмайды. Бірінші отасына оралғысы жоқ.