Малайзия королі ислам дінін қабылдаған «Мәскеу аруына» үйленді
Малайзия королі Туанку Мұхаммад V Келантан Сұлтан «Мәскеу аруы-2015» байқауының жеңімпазы болған 25 жастағы Оксана Воеводинаға үйленді.
Үйлену тойы 22 қараша күні Мәскеу түбіндегі Barvikha Concert Hall-да болды. Шараның алкогольсіз және халал тағамдармен өткізілгені атап өтіледі.
Малайзиялық Rakyatku News басылымының жазуынша, Оксана ислам дінін қабылдап, мұсылманша Рихана есімін алған. Желіде жарияланған фотосуреттердің бірінде Оксана-Рихана хиджаб киіп алған. Сондай-ақ үйлену тойынан кейін ресейлік жас әйел Малайзия патшайымының тәжін кие алмайтыны атап өтіледі. Бұл титулға тек байырғы малайзиялық әйелдер ғана ие бола алады.
Оксана Воеводина Мәскеудің бірінші сұлуы атағын 22 жасында алған. «Мәскеу аруы» байқауы 1994 жылдан бері өткізіліп келеді.