Таразда аурухананы жарып жіберемін деп қорқытқан зейнеткер ұсталды
Таразда 66 жастағы науқас бас дәрігермен кездесуді талап етті. Ол дәрігердің қабылдауын күтпестен «бәрін жарып жіберемін» деп қорқытқан. Тәртіп сақшыларына аурухананы эвакуциялауға тура келді
Полиция мәліметі бойынша, аурухананы жарып жібермекші болған әйел туралы медбике хабар берген. Тәртіп сақшылары емхананы қоршап, дәрігерлер, науқастар мен келушілерді эвакуациялады.
Әйел оқиға орнында ұсталды. Енді оған айыппұл салынуы немесе бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
«Факт Тараз қаласы басқармасы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізімінде ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша тіркелді. Қызметтік-іздестіру иттері мен саперлер оқиға орнын тексеру барысында аурухана ғимаратында қандай да бір күдікті заттар мен құрылғылар табылған жоқ», — деді Тараз полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбеков.