«Дәрігерлердің салғырттығы»: Ақтөбеде 30 жастағы келіншек бала босанған соң көз жұмды

0 264

Ақтөбеде перзентханада көз жұмған әйелдің туыстары шу шығарды. Сөздерінше, 30 жастағы Аймира Атшыбаеваның бала босанған соң көз жұмғанын дәрігерлер дер кезінде оларға айтпаған, деп хабарлайды  КТК арнасы.

Келіншектің неден көз жұмғанын ақ халаттылар айтудан бас тартып, тіпті қара жамылған отбасыны медициналық мекемеден қуып шыққан.

Марқұмның жұбайының айтуынша, әйелі көз жұмбай тұрып оған хабарласып, қатты қиналғанын жеткізіпті. Десек те сол мезетте перзентханаға келген ер азаматты мамандар кіргізбей қойған. Бірақ бой бермей, мекемеге кірген ол әйелінің бақилық болғанын біліпті.

«Қиналып жатырмын деп жазып жіберген. Содан кейін телефоны сөндірулі болды. Біз деген сағат алтыдан бастап перзентхананың алдында жүрдік. Сағат11 жарым ба, 12 жарым ба, есікті қағып, бой бермеген соң, бір-ақ ашты. Сол кезде барып ішінде күтіп отырдық. Содан соң барып өмірден өткенін айтты», – дейді марқұмның жұбайы Алтынбек Жұмағазиев.

Жақындары бұл алғашқы  Аймираның алғашқы жүктілігі екенін айтады. Тоғыз ай бойы баласын көтеріп жүргенде денсаулығына қатысты еш шағым болмапты. Тек босанар уақытынан күні асып кеткен. Перзентханаға бірнеше рет келгенімен, дәрігерлер оны кері қайтарып отырған.

«Тұңғышын босанайын деп тұр. Дәрігерлер нәрестесі ірі екенін біліп тұр. Уақыты өтіп кетті. 41-ші апта. Ол деген екі жеті де, 14-12 күн асып кеткен босануына. Дәрігерлер сол уақыттан бері не бітірді? Ол осы перзентханаға бес рет пе, 6 рет пе, түскен», – дейді марқұмның әпкесі Әлия Атшыбаева.

Келіншек аман-есен өзі босанып, ұл туады. Алайда артынша көп қан жоғалтып көз жұмған. Оның өліміне не себеп болғанын білмек болған туыстарын дәрігерлер перзентханаға жолатпай қойды. Тіпті перинаталды орталықтың директоры тәртіп сақшыларын шақырып, қуып шықпақ болыпты.

Перзентхана басшысы келіншектің бала көтерерден бұрын пневмониямен аурығаны қан кетуіне себеп болды деп отыр. Сондықтан жатыры жиырылмай қалған көрінеді.

«Кесір тілігін жасауға ол кезде көрсеткіш болмады. Әйелдің өзі жақсы босанды. Негізі болмады. Жатыры жиырылмады. Жиырылмағасын қан кетті. Дәрігерлер қатты сасып қалды», – деді Ақтөбе облысы перениталдық орталығының директоры Асхат Балықов.

Марқұмның жақындары келіншек дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болғанына сенімді. Енді олардың үстінен іс қозғап, сотқа бермекші.

«Осыған кінәлі, осы баланың өмірін қиған, осының ботасын кеше ғана дүниеге келген сәбиін анасыз қалдырып кеткен, қалдыруына себепші болған барлық дәрігерлерді жазалауын сұраймын. Заң бойынша мен соған дейін барамын», – деді марқұмның әпкесі Бақытгүл Атшыбаева,.

Облыстық перинаталды орталықтың директоры Асхат Балықов аталмыш оқиғадан соң бірден қызметінен кетті. Бұған дейін жақында ғана осы перзентханада тағы бір ана туу кезінде қайтыс болған. Енді комиссия құрылып, келіншектің өлімінің себебін зерттейді.

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.