Денесін бөлшектеп, үстіне бетон құйған: Атырауда болған қылмыстың беті ашылды
Атырауда күйеуін өлтіріп, бөлшектеп тастады деп айыпталып жатқан қала тұрғынына қатысты іс материалдарында қылмыстық-процессуалдық заңнама бұзылғаны анықталды, – деп хабарлады ATPress.kz.
Жантүршігерлік қылмыс сонау 2012 жылы жасалған, алайда бұл жайында өткен жылдың күзінде ғана белгілі болды. Полицейлер Дулатов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 44 жастағы ер адамның сүйегін тапты.
Марқұмның бала-шағасы оған ұйықтататын дәрі беріп, тұншықтырып өлтіріп, мәйітін бөлшектеген. Сүйегін түнде душқа деп қазылған шұңқырға көміп, үстіне бетон құйып тастаған. Содан соң орнына тауық қора салған. Олар полицияға отағасы үйден шығып кетіп, қайтып оралмады, жат діни ағымның жетегінде кетті деп өтірік айтқан.
«СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕУДЕН КЕЙІН ІС МАТЕРИАЛЫ СОТҚА БЕРІЛДІ. ДЕГЕНМЕН СОТ ІСТІ ҚАРАП ШЫҒЫП, ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕССУАЛДЫҚ ЗАҢНАМАНЫҢ БҰЗЫЛҒАНЫН АНЫҚТАДЫ, ОЛАРДЫ ЖОЮ ҮШІН ІСТІ ПРОКУРОРҒА ҚАЙТАРЫП БЕРДІ», – ДЕП ХАБАРЛАДЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.
Тергеушілер қанды оқиғаның себебін анықтап жатқанда сот бопсалаушыға үкім шығарып үлгерді. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.