«Шу-Бурылбайтал» және «Меркі-Шу» автожолдары қыркүйекте пайдалануға беріледі

0 309

«Жол азабын жүрген біледі» демекші, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданындағы көлік жолдарының жағдайы темір тұрпар тізгіндергендердің талайын титықтатын тұрғаны жасырын емес. Десе де облыс басшылығының нақы тапсырмасымен бұл мәселенің төңірегінде сеңдей сірескен сұрақтар ақырындап шешімін тауып, жағдайдың шешіле бастағанын көпшілік көзімен көріп отыр.

Жалпы, Шу ауданындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 840  шақырымды құраса, оның ішінде негізінен жағдайы нашар республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 118 шақырымды құрап отыр. Соның қатарындағы еліміздің оңтүстігі мен орталық, солтүстік бөліктерін жалғап тұрған «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолына қатысты мәселелерді шешу жұмыстары  да өткен жылдан бастап қолға алынған еді. Сәуір айында ауданда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен болып, мердігерлерге биылғы қыркүйек айында «Шу-Бурылбайтал» және «Меркі-Шу» автожолын пайдалануға беруді тапсырды. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жол мәселесі шешімін табатын болады.

Бұдан бөлек, ауданда ағымдағы жылға автомобиль жолдары саласына 730,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде,  жергілікті бюджеттен  316,3 миллион теңге,  «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 413,9 миллион теңге қарастырылды. Аталған қаржыға Шу қаласы мен ауылдық елді-мекендердің 25 көшесіне орташа және ағымдағы  жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.