Жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

0 429

Жыр алыбы, айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына байланысты облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақыл ойдың алғыры» атты ақындардың облыстық жабық мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Шараға 17 үміткер қатысып, бақтарын сынады.

Бұл өлең бәйгесінің бір ерекшелігі – жас айырмашылығына шектеу болған жоқ. Өңірімізден осы додаға қатысуға ынта білдірген ақындар жас айырмашылығына қарамастан өлеңдерін шабыттана оқыды, тұлпарларын жыр бәйгеден оздыруға мүмкіндік алды.Тіпті жыр алыбына арнап бірнеше баллада, оншақты өлең жазған жүйріктер де бар екен. Жазылған жақсы өлеңдер көпшілік оқырманның қазынасы екені анық. Салтанатты шараны жүргізген «Жамбылтану» орталығының меңгерушісі Қалыбек Атжан өлең бәйгесінің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Жабық жыр бәйгесі болғандықтан қазылар алқасы соңғы сәтке дейін үздік өлеңді даралағанымен, оның авторларының кімдер екенін білген жоқ. Мүшәйраға қатысушылардың еңбегіне Қайырбек Асанов, Қалыбек Атжан, Ғайни Әлімбекқызы секілді қаламгерлер баға беріп, әділ таразылады. Нәтижесінде бас жүлде Жамбыл ауданынан келген Байтанғали Төлентаевқа бұйырса, жүлделі
І орынға тараздық Баймаханбет Ахмет лайық деп танылды. Екінші жүлдені тараздық Елдар Боранбек иеленсе, мойынқұмдық Құрбанәлі Шахабай жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді. Жамбыл ақынға арналған жыр бәйгеде таластық Сабырғали Рысбаев, Шу ауданынан қатысқан Ахметжан Қосақов, тараздық Мұстафа Машрапов ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлерін Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы, «Aulieata media» ЖШС-ның директоры Нұрбек Бекенов дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.