Жамбылдық «мачо» кездесуге шақырған қызын тапа-тал түсте тонап кетті
Жамбыл облысында қызықты әрі жаға ұстататын қылмыс орын алды. тапа-тал түсте бойжеткенді кездесуге шақырған жігіт оны тонап, арудың аузын аспанға қаратып кеткен.
Оқиға желісін баян етсек, Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына 27 жастағы азаматша хабарласып, кездесуге келген жігітінің оның бағасы 116 мың теңге тұратын ұялы телефонын және ұялы телефон салатын қапта тұрған 46 мың теңгесін ашық түрде тартып алғаны туралы айтып шағымданған.
Аталған дерекке қатысты дереу іздеу шаралары ұйымдастырылып, бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің ізі суымай ұсталған. Ол 27 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты.
Жәбірленуші ұсталған азаматты танып, ол кінәсін мойындады. Ұялы телефон мен ақша иесіне қайтарылды. ҚР ҚК 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлерімен тергеу барысында жәбірленуші сол кеште серуендеуге шақырған жігітпен кездескені анықталды. Алайда жігітпен бір жерге барудан бас тартқаны үшін ашуланған күдікті қыздың қолында тұрған қымбат смартфонын тартып алып, қашып кеткен.
Осылайша сәтсіз аяқталған махаббат драмасы қылмыстық іспен аяқталып отыр. Сондықтан абай болыңыздар, сұлу арулар!