Тараз теміржол вокзалы қашан толықтай іске қосылады?
Теміржол вокзалы – кез келген қаланың бет-бейнесі болғандықтан сыртқы сәулеті мен ішкі сәні көзтартарлықтай болғаны жөн. Сондықтан да биыл Тараз қаласындағы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс басына арнайы барып, қазіргі ахуалды көзбен көрді.
Мердігер компания – «Энергетикалық құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Расул Махамбетовтің айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында басталған жөндеу жұмыстары бірнеше айда аяқталады. Яғни шілде айында толықтай аяқталып, жаңа, заманауи үлгідегі вокзал қызметін жалғастырады.
– Қазіргі таңда мұнда 3 бригада, 42 адам жұмыс істеуде. Құрылысқа елімізде дайындалған отандық өнімдер пайдаланылуда. Нақты уақытта жылу, кәріз жүйесін және сумен қамту жұмыстарын 80 пайызға аяқтадық. Бұл жұмыстар аяқталған соң сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарына күш саламыз, – дейді Р.Махамбетов.
Ал Бердібек Машбекұлы ғимаратты аралап көріп, құрылысқа жауапты басшыларға бірқатар ескертпесін айтты.
– Жұмыс қарқыны бәсеңдемеуі керек. Дегенмен асығыстыққа бой алдырып, сапаны естен шығаруға болмайды. Күніне жүздеген, мыңдаған адамды қабылдап, шығарып салатын теміржол вокзалының сәні мен салтанаты келісіп, алыстан менмұндалап тұруы қажет, – деген аймақ басшысы ғимараттың сыртқы келбеті мен айналасын абаттандыруға айрықша көңіл бөлуді жауаптыларға тапсырды.
Талғат Нұрханов