Каспий түбін қазу апатқа себеп болмай ма?

0 362

NCOC компаниясы Каспий теңізінің түбінен кеме қатынасы каналын салатын болды.  Басты себеп Каспий теңізінің тартылуы болып тұр. Бұл  Қашаған кенішін игеріп отырған компанияға әжептәуір проблема тудыра бастаған. Жасанды аралдар тұрған аймаққа кемелердің бару-келуі қиындап кеткен.

NCOC мекемесі проблемадан шы­ғар бір жол — таяз теңіздің табанын терең­дету, бұл уақыт күттірмейтін маңыз­ды жоба дегенді алға тартып отыр.

«Қашаған кен орны нысандарын жай­ластыру. Теңіз кешені. Теңіздегі кеме қаты­насы каналдары» жобасы бойынша қоғам­дық тыңдаулар былтыр қыркүйек­тің соңын­да өткен болатын. Алайда avaaz.org халықаралық интернет-плат­формасында жарияланған «Каспийді экологиялық апаттан құтқарайық» пети­циясы (құжат авторлары теңіз түбін терең­дету бойынша кез келген жұмыс­тарға мораторий салуды және жергілікті атқарушы органдар мен NCOC-тың қатысуымен қоғамдық тыңдау­лар өткізу­ді ұсынды) әлеуметтік желі мен бұқара­лық ақпарат құралдарында жаңа резо­нанс туғызды. Нәтижесінде, консор­циум сұрақтарға жауап беру үшін онлайн дөңгелек үстел өткізді.

6 мамырда Атырауға Каспий теңізін терең­дету жобасымен танысу үшін  Эко­логиялық реттеу және бақылау коми­тетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов пен Балық шаруашылығы комитетінің тө­рағасы Нариман Жүнісов жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында олар ғалымдармен, қоғам белсенділерімен бірге мұнай компания­сының жобаны жүзеге асыратын аумағын аралап шықты. Гидрология, ихтиология саласындағы ғалымдар жобамен ашық танысты. Қоғам өкілдері де бұдан тыс қалмады.

«Айта кететіні, тереңдету жұмыстары жаңа бағыттарда емес, қолданыстағы кеме жолдарында, 29 шаршы километр аумақта ғана жүрмек. Бұл теңіздің солтүстік-шығыс аймағының 0,03 пайы­зы ғана. Сол себепті балықтар миг­рациясына, құстар ареалына қатты әсері жоқ. Ал аз көлемдегі залалды компанияға өтету әдістемелері қарас­тырылған. Ал теңіз суының лайлануын азайту үшін жаңа технологиялар қолда­нады. Біз тұрақ­ты түрде жобаны бақылауда ұстай­мыз», – деді Зұлфұхар Жолдасов.

Компания басшылығы тереңдету жұмысы ауқымды жоба емес, әдеттегі шаруа екенін алға тартып отыр. «NCOC компаниясының жұмыстары теңіз бо­йын­ша 5 аралда жүргізіледі. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі осы аралдар арасындағы кемелердің қозғалысына, тасымал, апат­тық құтқару жұмыстарына кері әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті теңіздегі тек кеме жолдарын ғана терең­детпекпіз. Еш­қан­дай канал салу жоспары жоқ. Ал терең­дету – жаңа дүние емес, Каспий тарихын­дағы күнделікті жұмыс. Кеме жолдары әр уақытта да тереңдетіліп отырған. Сондық­тан одан экологияға қауіп жоқ. Дегенмен де экологиялық әсерді бақылау үшін тұ­рақты түрде өндірістік мониторинг жүр­гіземіз. Жауапкершілікті түсініп отырмыз», – деді компания Бас директорының орынбасары Ермек Марабаев.

Биология ғылымдарының докторы Елена Крупа тереңдету жұмысы барысын­дағы судың лайлануы теңіздегі организм­дерге уақытша ғана әсер ететінін алға тартты.

«Каспий экожүйесі қалпына келу қа­білетіне ие. Теңіз организмдерінің қоректік базасына келер болсақ, фитопланктондар теңіз табанын тереңдету әсерінен болған лайлану кетіп, тұнықталғаннан кейін бір­ден орнына келеді. Бір айдан соң зоофланк­тондар, одан соң макрозообентос қалыпқа келеді. Ал жобаны Каспий теңізі деңгейі динамикасымен байланыстыруға болмай­ды. Себебі канал салынайын деп жатқан жоқ. Теңіз деңгейіне Жайық пен Еділдің ағын көлемі мен климаттық факторлар әсер етеді», – дейді ғалым.

Ал биология ғылымдарының докторы, ихтиолог Асқарбай Камелов балықтар миграциясына жобаның әсері жоқтығын түсіндірді. «Каспийдегі Бекіре балықтары екі жағдайда – уылдырық шашу үшін және азық іздеу үшін көшіп-қонады. Уылдырық шашу кезінде теңіз­дің барлық акваториясы бойынша емес, тек жағалау аймағында миграция жасай­ды. Яғни, бұл кезеңде олар тереңдету жобасы жүзеге асатын аймақтың әсеріне ұшырамайды. Ал қорек іздегенде көбіне солтүстік аймақтардағы таяз жерлерге барады. Сондықтан миграцияға аталған жобаның әсері болмайды», – деді ол.

Каспий теңізіндегі тереңдету жоба­сын қоғамдық мониторинг бақылауда ұстайды.  Бұл туралы аталған жобаны Атырау облы­сын­да Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, NCOC компания­сы, экология, биология, география сала­сындағы ғалымдар мен сарапшыларының дөңгелек үстелі кезінде белгілі болды. Қоғамдық мони­торинг тобына жергілікті экологтар, ғалымдар мен экобелсенділер кірді.

«Атамекен Эко» қоғамдық қорының тө­рағасы Арман Хайруллиннің айтуын­ша, Каспийдегі қайран қазу жұмыстарын ба­қылауға қоғам қатыстырылады. Бұл бұ­рын-соңды болмаған айтулы оқиға.

– Үкімет бастапқыда жобаны жүргізуге келісім берді. Біздер, экология жанашыр­лары мен қоғам болып  бұған қарсы болдық.  Бірақ бізге артқа шегінетін жол жоқ. Біз бар жағдаймен санасамыз. Қаша­ған жобасын жүзеге асыруға 46 милрд доллар құйылды деген мәлімет бар. Оны шетелдік инвесторларға қайтарып беретін біздің жағдайымыз бар ма? Онымен қоса сотқа жүгінсек, ком­пенсациялар төлеу, жұмыс орындардың қысқаруы тағысын тағы мәселелерді шешетін қауқарымыз бар ма? Каспий теңізі  Аралдың тағдырын кешеді деген пікірге де келісуге болмайды. Каспий суының 80 пайызы Еділ суы. Өзгесі Жайық және  табиғи жолмен  жаңбыр, қар суымен толығады. Каспий теңізіндегі жұмыстар балық қорына, жалпы су асты әлеміне, құстарға зиянын келтіреді. Алайда балықтардың мүлдем құрып кетуіне жетерлік алапат жағдай болмайды деп үміттенеміз, – дейді Арман Хайрул­лин.

 

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.