Асылдардың шырағын қайта жаққан – Илья!

0 409

Жерлесіміз Илья Жақанов жайлы біраз мәліметке құлағымыз қанып өстік. Киелі де қазыналы Қаратау өңірінің күйшілері мен жыршыларының өнер дәстүрін әрмен қарай жалғастырып жүрген жанның бірі әрі бірегейі Илья ағамыз десек, еш қателеспейміз.

Белгілі сазгер, жазушы, танымал музыка зерттеушісі Илья Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы қазіргі Ақтоғай ауылында дүниеге келді. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963-1984 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосының музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарды. 1984 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен толық айналыса бастады.
«Қайта оралған ән» (1968 жыл), «Қош бол, вальс» (1969 жылы) повестері шықты. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас жайлы «Кертолғау» (1989 жыл) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990 жыл) деген атпен жарық көрді. «Екі жирен» (1976 жыл ), «Бірінші концерт» (1979 жыл), «Махаббат вальсі» (1983 жыл), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы, сондай-ақ «Қарабура» (1997 жыл) тарихи-танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981 жыл) атты қырғыз тілінен аударылған (Қасымбеков шығармасы) тарихи романдары шықты. «Сырлы жүрек пернесі» атты лирикалық эссе кітабы 2008 жылы «Ұшпақ» баспасынан жарық көрді.
Ілекең қазақ өнерімен қатар, көрші қырғыз ағайындардың да мәдениеті мен әдебиетін дамытуға өз үлесін қосты. Мысалы Илья Жақановтың «Қайта оралған ән» хикаятын қырғыздар өте жылы қабылдаған еді. Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» қалай қабылдаса, аталмыш повесті де солай оқыды. Қырғыздар оның «Қош бол, вальсін» де қуана қарсы алды. Әсері күшті болды. Гүлсайра Момынова бірден қырғыз тіліне аударды. Қырғыз радиосы да екі рет радиоспектакль етіп берді. Ол Қырғызстанда жан-жақты насихатталды. Көп уақыт өтпей «Алатоо» журналында «Қайран, вальс» деген атпен жарияланды. Илья Жақановтың «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» повестерінен Шыңғыс Айтматов та хабардар екен. Ол жөнінде Илья заңғар жазушымен кейін бір кездескенде дидарласып, тілдеседі.
– Музыкант адамның, композитордың прозашы болуы – өте ғажап нәрсе! – деді Ш.Айтматов. – Сирек құбылыс! Ондай проза… ошондоқтан музыкальный проза болып шығады! Албетте, албетте, солай болады! Әттең, уақытым жоқ. Оқысам абдан жақшы болор еді… Қырғыздың өзге жазушылары: Төлеген Қасымбеков, Жәлел Садықов, Сүйінбай Ералиев, драматург Мар Байджиев, тағы басқа қаламгерлер «Қош бол, вальс» прозадағы жаңалық, тосын жағдай деп жоғары баға берді. Алған бетіңнен қайтпа, бауырым. Жаза түс, – деген екен жазушы.
Бұл кездесу Ілекеңді қанаттандырып, жігерлендіре түсті. Содан кейін-ақ «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» тағы басқа да сал-серілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары дүниеге келді. «Адамзаттың Айтматовы» атанған қаламгердің айтулы «Жәмила» повесінің негізінде бірнеше ән жазды («Даниярдың әні», «Әселім әнім», «Жәмиланың әні»). «Жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің «Елім-айым», «Айнамкөзім», «Қара торғайым», «Балқадишам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді әндерімнің барлығын сол музыканың әуезімен, толғанысымен жаздым», дейді Илья ағамыз ағынан жарылып.
Мезгілді газет пен журналдарда жарияланып жатқан эсселері, танымдық мақалалары көпшілікті қызықтырып, іздеп жүріп оқитын болды. Баспалардан шығып жатқан кітаптары қолдан-қолға өтіп, Ілекеңді бүкіл оқырманға танытты. Әсіресе музыка зерттеушісі ретінде әр өңірде там-тұмдап сақталған көптеген ежелгі әндердің шығу тарихын терең зерттеп, халыққа жеткізіп жүрген еңбегі алабөтен. Кім білсін, егер Илья ағамыз болмағанда елде жүрген Мәді Шәутіұлы, Төлеген Момбеков, Боранқұл Қошмағанбетов сынды дауылпаз күйшілерді, жезтаңдай әнші Алтынбек Оразбековті көпшілік, жалпы халық білер ме еді? Тіпті қылқобыз өнерінің негізін қалағандардың бірі – Ықыласты терең зерттеген Ілекеңдей өнер зерттеушісі бар ма екен? Қаратау, Сарысу өңірінде өмір сүрген өнерлі домбырашыларды елге танытқан да Илья Жақанов емес пе?
Ол Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Жамбыл және Ш.Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері. «Парасат» ордені және көптеген медальдармен наградталған. Илья ағаның 200-ден астам әні бар. Баспадан әр жылдары шыққан қомақты еңбектері де аз емес.
Оның аты мен шығармашы­лығына сырттай қанша қанық болсақ та жүздесіп, әңгімелесуге соңғы кезге дейін мүмкіншілік болмапты. Кездесуіміз 2018 жылдың маусым айында Илья ағамыз дүние есігін ашқан, кіндік қаны тамған Қаратаудың теріскейіндегі Жаңатас аумағындағы сұлу бойжеткеннің қос бұрымындай екі тау өзені қосылып жатқан Ақтоғай ауылында болды. Жергілікті орта мектеп ұжымы «Туған жерге туыңды тік!» деген акция өткізіп, сол мектепті тәмамдаған түлектерінің басын қосып, мәре-сәре болып жатыр екен. Сол жиынға сонау Атыраудан бүкіл алашқа есімі тараған сазгер, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов та келіпті. Мұндай кездесу күнде бола бермейтінін еске ала отырып, бірер сәт болса да дидарласып, сұхбаттасып, ойымызда жүрген біраз сұрақтарға жауап алғандай болдық.
– Өткен жүзжылдықтың 20-30-жылдары қолдан жасалған сұрпайы теріс саясаттың кесірінен ел-жұрт аштыққа ұшырап, туып-өскен Арқадан өре көшіп, жан сауғалап Шу-Талас өзенінің бойына келіп қоныстанғанын білеміз. Олардың арасында елге жөн сілтейтін, сауатты, көзі ашық, көңілі ояу адамдар жоқтың қасы болатын. Міне, солардың бірі– алғашқы аудандық білім бөлімінің басшысы Қордаш (шын аты – Қордабай) Түсіпұлы еді. Ол менің Жақан әкемнің ағасы болып келеді. Қордаш аға Сәкен Сейфуллинмен дос болған. Екеуі Омбыда «Учительский» семинарияда оқып жүргенде жұбын жазбайды екен. Қордаш өзі білімді болғандықтан ба, саясаттың ағымын, жаңа қоғамның қырып-жойып келген бетінен секем алып, бір нәубеттің боларын алдын ала болжағандай, әулетіміздің бар малын үкіметке өткіздіріпті. Сөйтіп, іштерінен «уһ, енді өкіметтің құқайын көрмейтін шығармыз» деп, ашаршылық жылдары еш нәрсеге алаңдамай күдіксіз отырған. Бірақ зұлмат уақыт басталып, жұт қаптайды. Туған жерлерін тастап, ел-жұрты Қаратау етегіне 1932 жылдың қаһарлы күзінде Сарыарқадан үдере көшіп, ұзақ, азапты жолдан Саудакент өңіріне аш-жалаңаш, әбден қалжырап жеткен топтарды қарсы алып, ауыл-ауылға орналастырып, оларды ас-тамақпен қамтамасыз етуге жанын салды, күні-түні беріле қызмет етті. Әулиеата, Бішкек, Тоқмақ, мына жағы Шымкент, Ташкенттен азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек әкеліп, жан алып, жан беріп дегендей қауырт-қарбалас үстінде қажыр-қайрат көрсетіп жүрген қылшылдаған 33 жасында Қордаш ағаға қатты суық тиіп, 1933 жылдың жауынды-шашынды сәуір айының 5-жұлдызында кенеттен қайтыс болады. Сәкеннің лақап атына қойған Еркебұлан деген ұлы бесікте қалады. Қордаш ағаны жоқтап, жылап-сықтап жүргенде, өкінішке қарай, Еркебұланға да суық тиіп, көз жұмады. Қордаш ағамыздың моласы Шоқай датқа сығанағының маңында дейтін көзкөргендер. Сол асыл азаматтың аты ұмыт қалып барады. Көпшілік мүлдем бейхабар. Марқұмның атын қайта жаңғыртпақ оймен мына Ақтоғай ауылының кіреберісіндегі ескі бейіт маңына арнайы кесене салдырып, Құран оқытып, атамыздың сүйегін сонда қайта жерлемек ойым бар. Ауыл сыртындағы қыратта жүргізіліп жатқан құрылысқа көздеріңіз түскен болар. Міне, сол салынып жатқан кесене – ағам Қордаш Түсіпұлына деген ескерткішім. Құдай қаласа, құрылыс жақын күндері аяқталып қалады. Бұл – менің өмірден ерте өткен әке-шешеме, ағаларыма деген ескерткішім, жүрегімнің бір түкпірінде бұғып жатқан, мені көптен мазалап жүрген арманымның бірі еді. Алланың қолдауымен сол ойым іске асуға жақын. Оған шүкіршілік етемін. Балалық шағым өткен мына Қаратау аймағы, оның анау «Көлме» мен «Көкжоны», мына Ақтоғай ауылы маған өте ыстық. Өйткені мұнда менің табанымның ыстығы қалған соқпақтар, суын ішкен бұлақтар мен көлшіктер, шалғынына аунаған сай мен саздар, жуасы мен қызғалдағын терген белдер мен қыраттар, тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандастарым, алдымды кесіп өтпей, иіліп сәлем беретін жеңгелерім мен келіндерім бар. Жас құрақтай желпілдеп жастар өсіп келеді. Мәңгілік тыныштық құшағына еніп, ата-анам, туыстарым жатыр ана ауыл шетіндегі бейітте. «Тәубе, тәубе!» деймін Жаратқан иемнің алдында бас иіп, – деп толқи сөйледі.
…Илья ағамыздың айтуынша, сазгерлікпен ол студенттік кезден бастап айналыса бастаған, үзеңгілес, замандас композиторлармен араласқан. Илья сол күндерін еске ала отырып:
– Кешегі кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаевтың, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, өзіміздің Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтың ұлттық өнерге үлкен үлес қосқанын айтуымыз керек. Сонау ықылым заманнан келе жатқан ұлттық дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Олардың арасында Шәмші Қалдаяқов та бар еді. Шәмші екеуміз әнді бірге жазып, эфирге бірге шығып, тағдырымыз үйлесіп, жалғасып кетті. Біздің әндеріміз үлкен композиторлардың назарына ілігіп, емін-еркін шырқалып жатты. Әлгі «Бәрінен де сен сұлуды» біздің үйлену тойымызға арнаған болатын. Мен 1961 жылы шаңырақ көтердім. Арада бірер ай өткенде, маусымның жетісі күні Алматыдағы пәтерімізде тойымыз өтті. Тойдың алдында Шәмші құттықтап келген. Көңілсіз екен. «Илья, естідім, «Меңдіқыз» деген ән шығарып, келінге арнаған екенсің, мен де бұл қуанышқа арнап ән жаза бастадым. Сол екі әнді бірге дайындайын, нотасын бер», деді. Той күні Шәмші екі әнді дайындап келіп, өзі мандолинамен сүйемелдеп, «Меңдіқызды» Сәжида Ахметова деген бізбен замандас әнші қызға айтқызды, радиода көп шырқайтын ол. Өзінің «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиналған жұрттың көзінше «Менің Ильяның жарына, келініме арнаған әнім» деп Майра Жүрсіноваға орындатты. Сол тойға қатысқан адамдардың ішінде академик Серік Қирабаев, сол үйдегі Әлия Бейсенова, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков және марқұм Қадыр Мырза Әлі, курстас досым Өмірзақ Айтбаев болып еді. Мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетінің ұжымы, бас редакторы Сансызбай Сарғасқаев, жауапты хатшысы Қосайдар Бәтпенов – бәрі осы екі әнге куә болды. Осылайша Шәмшімен достығымыз соңғы демі үзілгенше жалғасты. Шәкең туралы көптеген дүниелер жазылып жатыр ғой. Біреу біліп жазса, біреу жобалап жазып жатыр. Мен Шәмшінің бүкіл зәузат, ататегінен бастап білем. Біз 1932 жылға дейін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы аумағындағы Сарысуды жайлаған тамамыз. Абылай заманында Тама болысы болса, Кеңес өкіметінің тұсында сол аумақта Асанқайғы және Сарысу аудандары құрылған. Асанқайғы – арғындар, Сарысу – тамалар. Дүрбелең, ашаршылық басталғанда сарысулықтар Бетпақтан үдере ауып, Абылай кесіп берген, малға жайлы, ықтасынды Шуды қыстайды. Бетпақта құдықтары бар.
Сол Тама болысында жағалбайлылар, алшындар болған. Жағалбайлының үрім-бұтағынан Шәмшінің әулеті тарайды. Алшындардың бір бұтағынан Асанәлі Әшімов тарайды. Біз Сарысуда тудық, Шәмші Сырдың бойындағы Сарыкөл деген жерде туды. Әкесі Қалдаяқ тағдыр тәуқіметімен Созақтан ары қарай, Кентау, Ащысай, Шәуілдір, Арыс, Түркістан төңіректерін шиырлап-шиырлап, Темір стансасындағы Қарақоңырда ұста болып жүріп, тамалардың ортасында дүние салды. Шешесінің сүйегі де сонда жатыр. Міне, сол Шәмшінің зәузатынан бастап, шығарған әндеріне дейін толық білемін десем қателеспеймін. «Шәмшінің жүрегі» деген атпен түгел қағазға түсіріп жатырмын. Біразы «Жұлдызда» басылды. Еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» басшылығының өтініші бойынша «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деген бөлімінің біразын газетке жариялаттым. Шәмшімен достығымның арқасы ғой, оңтүстікте әндерінен конкурс болғанда екі рет төраға болдым. Өмірінен, әндерінің тарихынан жұртқа көп айтып, таныстырып, насихаттаумен жүремін.
Толқынды толқын қуады, ал ойдан ой туады ғой. 1956 жылдың күзі. Жасым жиырмада. Сол жылы жазға салым «Салтанат» деген әнім туды. Бұл ән «Абай жолы» романында Абайдың көңілдес қызы Салтанатпен махаббатына қызығып жүргенде жазылды. Кейін оған сол кезде КазГУ-дың филология факультетінің 4-курсында оқитын Қадыр Мырза Әлі сөз жазды. Сағатай есімді қызды сүйеді екен. Қыздың атын «Салтанат» деп өзгертіп, ақыры екеуі осы әнмен қосылды. Ал әлгі көптің аузында жүрген «Алматы вальсі» әнін 1959 жылы жаздым. Вальс жанрына қызығып жүрген кезім болатын. Бұл вальсті алғаш рет ақын Мұзафар Әлімбаевтың алдында менімен бірге отырып тыңдаған Шәмші болатын. Ән соңынан Шәкең: «Мен Ильяны дәйім «Глубокий лирик» деймін, Мұзаға… қазақтың дәстүрлі әндері стиліндегі әндері бір бөлек. Пушкин, Лермонтов, Абай сөздеріне жазған элегия, романстары – ол да өзгеше дүние, біле білсек, тұнып тұрған тұңғиық сыр. Мына «Алматы кешінде» вальсі бізді шалқытады әлі. Вальс жазу Ильяға түкке тұрмайды екен, Мұзаға. «Вальсомания» деп мені жазғырып жүрген әріптестерім енді Ильяны да қағытады. Мейлі, ол шіркіндерде одан басқа не қарекет бар…», – дегені күні кешегідей есімде.
Содан көп ұзамай барынша композиторлыққа бет бұрдым. Маған әр әнім қымбат, ыстық, сүйікті. Бірақ «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Еділ мен Жайық» және тағы басқа ел аузында жүрген, әлі сахналардан түспей келе жатқан әндерімнің орны бөлек, – деп әңгімесін бір қайырды.
Реті келгенде бүкіл ел сүйіп тыңдайтын, әсіресе сарысулықтардың жүрегіне жақын «Жайлаукөл кештері» әнінің қалай дүниеге келгенін сұрадым.
– 1971 жылы Сарысу ауданындағы Сарысу кеңшарының орталығына Ықылас күйшінің ұрпақтарымен әңгімелесуге барған едім. Ол жерде күйшінің барлық туған-туыстары тұрады. Сол ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, аруақты күйшінің немересі Құлыншақ деген кісінің үйінде отырғанда, Ықыластың тағы бір немересі атасының өмірін жақсы білетін Ермекбай қарияның көз алдында, қазақша айтқанда, ет пен шайдың арасында «Жайлаукөл кештерін» жаздым. Алғаш оны халыққа дүлдүл әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов жеткізді. Сол жылдары «Жайлаукөл кештері» жастарымыздың гимні болып кетті десем де болады. Бұл ән менің туған жеріме деген махаббатымнан туған дүние. Ән өте әсерлі тыңдалынады. Тіпті ән халықтың сүйікті әніне айналды. Сондықтан болар, кезінде институт бітірген біраз жастар, жазғы каникулдарда ұйымдастырылатын құрылыс отрядтары романтикаға беріліп: «Бізді Жайлаукөлге жіберіңіздер» деп өтініш білдіріпті. Әнге елтіген қаншама адам алыстан ат сабылтып, Жайлаукөлді көруге арнайы келді. Қызық құбылыс. Сірә, бұл сол әннің ерекше құдіреті болу керек… Ән тағдыры да адам тағдыры секілді ғой, – деді ағамыздың көздері күлімдеп.
Сазгер Илья Жақановтың әндерін бүгінге дейін көптеген әншілер орындап жүр. «Олардың қайсысы жаныңызға жақын?», дегенімізде Ілекең сәл ойланып барып:
– Олар аз емес қой. Кезінде «Қайда екен сол бір Ақмаңдай», «Жігіт арманы», «Анар», «Тың өлкесі жастарының маршы» атты әндерімді Жамал Омарова шалқыта орындаса, «Көгілдір Көлме», «Аңсадым сені» дейтін әндерімді ойлы жүрекпен толғаған Ришат Абдуллин, «Ақ қайың», «Еділ-Жайық» әндерімді дүниежүзіне жайған Бибігүл Төлегенова, «Нұрланып меніңдағы туар айым», «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас» деген романстарымды профессионалдық биік деңгейге көтерген Ермек Серкебаев, «Жан жолдас», «Түнгі зефир» әндеріме сырлы сезімін төккен Суат Әбусейітов, «Ағады Ертіс», «Асылым», «Балқан таудың бауырында» әндерімді кәусар үнмен мөлдіреткен Зейнеп Қойшыбаева, «Даниярдың әнін» романтикалық тебіреніспен берген Әлібек Дінішев, «Балқантау», «Жан сәулем» атты әніме өзі сияқты талай тенорларды ынтық қып қойған Кенжеғали Мыржықбаев болатын. Қайсыбірін айта берейін, көп әндерімді халық әніндей етіп жеткізген Қайрат Байбосынов, Майра Ильясова, Бағдат Сәмединова, Сәуле Жанпейісова, халық арасынан шыққан Тұрсынхан Әбдірахманова, Игілік Омаров, Өмірзақ Айтбаев, Майра Жүрсінова, Сажида Ахметова, Гүлбаршын Ақпанова болды. Ал қырғыз әншілерінен – Тоқтанәлі Сейталиевтың, Дариға Жалғасынова, Керим Тұраповтың, сонау Қытайдағы қазақтардың қос бұлбұлы – Хамит пен Рафиланың есімін айрықша атап өтуге болады. Әншілердің бұл байтақ галереясына қосылатын жас әншілерде есеп жоқ. 2004 жылы маусым, желтоқсан айларында Алматы мен Астанада өткен «Еділ-Жайық» атты үлкен концертімде кілең жас әншілер құлпырта шырқады. Сол себепті өз әншілеріме жан жүрегім исініп, құрметпен қараймын. Олар тым көп. Әннің бағын ашқан әнші – әннің екінші авторы! – деп сөзін аяқтады.
Ілекең талмай ізденіп, елдің шетінде, желдің өтінде жүріп, елеусіз қалған талай дала таланттарының күйлері мен әндері мүлдем жоғалып кетпеуі үшін көп еңбек сіңірді. Сөйтіп, олар халыққа жетті, ұлттың алтын қазынасына айналды. Сол өзі өскен өңірдегі күйші, домбырашы, жыршы Мәді Шәутіұлының өнеріне ерекше тәнті болып, уақыт тауып, оның көптеген күйлерін, жырларын магнитофонға жазып алып, республикалық радио қорына тапсырыпты. Оларды мезгіл-мезгіл эфирден естуге болады.
(Танымал ақын Маралтай Райымбекұлы жерлесі Мәді Шәутиевтің өнердегі ерен еңбектерін бағалай отырып, 2018 жылы Сарысу ауданындағы Игілік ауылының мәдениет үйі жанына оған өз қаржысына көрнекті ескерткіш орнатты). Соңғы онжылдықтарда, яғни 2000 жылы сол кездегі өңір басшысы Иманғали Тасмағанбетовтің шақыруымен Ілекең Алматыны Атырауға ауыстырып, батыс өңірінің ән-жырларын, күйшілер мен сазгерлердің шығармаларын зерттеп-зерделеп, қағазға түсіріп, республикалық әртүрлі басылымдарда жариялауда. Шаршап-шалдықпастан ел-жұртты аралай жүріп, шабытына мініп ән жазуды да ұмытпайды. Ол әндер – «Доссор вальсі», «Құлсары», «Маңғыстау», «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы», «Ақмарал», «Аққу әні», «Сырлы жүрек пернесі» және тағы басқа. Сазгердің бұл әндерін жергілікті әншілер жиі шырқайды. Телеарналардың сирек болса да беріліп тұрады. Ән – адам жанының ажары емес пе?
Ертеректе өмір сүрген, әдемі де тартымды шығармаларымен халық есінде қалған әйгілі сазгерлердің өмірлері мен шығармаларын зерттеуде И.Жақановтың еңбегі ерен. Ақан әндерін жаладан, жамаудан тазартып, қалпына келтірген де, Біржан салдың «Айбозымын», Ақан серінің «Шырмауығын» қайта тірілткен де, өзге де асылдарымыздың сөнген шырағын қайта жаққан да – Илья Жақанов. Жіпке тізгендей етіп айта берсек, Ілекеңнің танымдық, зерттеу еңбектері бір ғылыми зерттеу институтына жүк болатындай қомақты, салмақты, аса қымбат та құнды дүниелер.
Өмір бойы оқу, іздену, үйрену, алға ұмтылу адамға ерік-жігер ғана сыйламайды, оның тағы бір қырынан танылуына септігін тигізеді. Илья ағамыз жасы 80-ге таянғанда графика және сурет мамандығы бойынша Атырау университетін тәмамдап, суретші маман атанды. Оны көптеген өнер адамдарының портреттерін әсерлі етіп салған қылқалам шебері десек те болады. Өйткені ол сурет салумен сонау бүлдіршін кезінен айналыса бастаған. Талай белгілі өнер адамдарының портреттерін салып, халыққа жеткізді. Солардың бірі– Ақан серінің түпнұсқадан салынған суреті. Ілекеңнің айтуына қарағанда, ол суретті тапқан – академик Әлкей Марғұлан. Ол кезде, яғни Ақан серінің заманында Омбыға келіп-кетіп жатқан Ресейдің зерттеушілері, суретшілері қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп отырған ғой. Сондай бір түсірілім кезінде Ақан сері де даланың беткеұстарларының ортасында түсіп қалған көрінеді. Суреттен бейнені бөліп алып, «Міне, Ақан сері» деп ұсынған академик-этнограф Әлкей Марғұлан екен. Сол фотобейнені портрет етіп И.Жақанов салыпты.
Мойындауымыз керек, Илья Жақановтың шығармашылық әлемі өте кең, ол әлгі халық айтатын «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың өзі. Ол – қаламы жүйрік көрнекті жазушы, мөлдіретіп ән шығарған сырлы сазгер, өнердің тарихын тереңірек зерттеу мақсатымен еліміздің түкпір-түкпірін шаршамай аралаған білгір музыка зерттеушісі, көне әндер мен күйлердің талмай ізденушісі – фольклоршы. Бір адамның бойында осыншама құдірет пен қасиет тоғысқанына таңғаласың. Жаратушының шеберлігіне бас иесің, Ілекеңе деген сүйіспеншілігің мен құрметің аса түседі.
Лайым, елім деп соққан жүрегі, бүгіндері өзінің 85-көктемін қарсы алып отырған Илья Жақановқа Алла нәсіп етіп, денсаулықтың арқасында ғұмыры ұзақ болып, халқына берер еңбегі барынша мол болғай дейміз!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.