Вакцинация жүргізуге жылжымалы медициналық кешендер жұмылдырылды

0 317

Коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізуде тұрғындар үшін қауіпсіз эпидемиологиялық жағдайды сақтау үшін жылжымалы медициналық кешендер жасақталып, екпе салу ісіне жұмылдырылды. Сондай 2 кешен қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Ауыл – Береке» базарында жұмыс істеп тұр.

Жылжымалы бригада құрамында екпе қабылдаушылардың денсаулығын тексеріп, бақылайтын 2 дәрігер, 2 вакцинатор және медициналық тіркеушілер бар. Олар бір тәулікте шамамен ерік білдірген 80-нен астам азаматқа вакцина салып, вакцинациялау науқанын кедергісіз жүргізуде.
28 сәуірден бастап «Ауыл – Береке» базарының аумағында жұмыс жүргізіп жатқан екі бригада Тараз қалалық №7, 9-емханаларға қарасты екі жылжымалы медициналық кешен базасында құрылып отыр. Мобильді вакцинация кабинеттерінде базар директоры, кәсіпкерлер мен сатушылар ресейлік «Спутник V» вакцинасын қабылдады. Барлық азаматтар екпе алуға ерікті түрде, яғни өз келісімдерімен келді. Келушілер алдымен дәрігердің қарауынан және тексеруінен өтті. Егілгендерде 30 минут ішінде реакциялар мен асқынулар байқалған жоқ. Оларға «QazCovid-in» және «Спутник V» вакцинасы туралы ақпарат берілді.
Дәл осындай мобильді вакцинация кабинетін қалалық №4 емхана да іске қосты. Жылжымалы бригада 1 мамыр күні «Мыңбұлақ» ықшамауданының аумағында орналасқан «Қайқармет» базарының қызметкерлері мен тұрғындарына індетке қарсы вакцинация жүргізді. Ал №5 қалалық емхананың дәрігерлерінің егу бригадасы «Скиф» сауда орталығының қызметкерлеріне, 30-дан астам қала және облыс тұрғындарына екпе салды.

Толқын Өмірбаева,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы
баспасөз қызметінің жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.