Ұлы да айдаған: Қостанайлық шенеунік 1,5 жыл бойы қызметтік көлігін жеке мақсатта пайдаланған
Қостанай облысы Қарабалық аудандық білім бөлімінің жетекшісі Дильнара Сапанова 1,5 жыл бойы қызметтік көлігін жеке мақсатта пайдаланып келген. Бұл туралы әдеп кеңесінің отырысында аудандық прокурордың орынбасары Ерлан Байжанов айтты
Ерлан Байжановтың сөзінше, шенеунік 2020 жылы Қостанайға 102 мәрте барған. Соның 61-і демалыс және мереке күндері екен. Одан бөлек, көлік еңбек демалысы кезінде 6 рет пайдаланылған.
«Сапанова әрбір демалыс күні Қостанайға қызметтік көлікпен барған болып отыр. Осы жылы Сапанова облыс орталығына 25 рет барған, оның 8-і демалыс күндері. Бұл ретте қызметтік іссапар туралы бұйрықтар болмаған», — дейді прокурордың орынбасары.
Құзырлы органның есептеуінше, өткен жылы автокөлік қызметтік емес мақсатта 24 мың шақырым жүрсе, биыл 6 мың шақырым жүрген.
Ержан Байжанов білім бөлімінің басшысы өз әрекетін мердігерлермен кездесуге бардым деп ақтамақ болғанын айтады. Алайда мұндай факті тек 18 жағдайда ғана расталған.
Ал Дильнара Сапанованың айтуынша, Қарабалық аудандық білім бөлімін үш жылдан бері басқарып келеді. Қызметтік өкілеттігіне байланысты оған мердігерлермен кездесіп, олардың жұмысын бақылуға тура келеді.
«Әртүрлі мердігерлер тап болады және олармен жұмыс істеу оңай емес. Сол себепті мен олармен демалыс күндері де кездесуге келісемін. Мен өзімнің қызметтік міндеттерімді сапалы әрі толыққанды атқаруға тырыстым. Жұмысым аяқталғаннан кейін балаларыммен кездестім. Өйткені олар Қостанайда тұрады, ал мен Қарабалықта жұмыс істеймін», — дейді ол.
Сонымен бірге, әдеп кеңесінде Дильнара Сапанованың екі ай бұрын қызметтік көліктің тізгінін ұлына бергені анықталған.
Облыс әкімінің орынбасары Виктор Ионенко білім бөлімінің бастығы бар ауыртпалықты өз мойнына алғанын атап өтті. Ол мердігерлермен өзі кездесіп, педагогикалық білімі болса да техникалық мәселелерді шешкен. Оның сөзінше, бұл жағдайда техникалық маманды штатқа қабылдау қажет еді.
«Адам ретінде біз сізді түсінеміз. Сіз ауданда тұрып, қызмет етесіз. Ал балаларыңыз қалада, олармен кездескіңіз келеді. Бірақ сіз ережені бұздыңыз, сол себепті мен білім басқармасына сізге қатаң сөгіс жариялауды ұсынамын», — дейді Виктор Ионенко. Әдеп кеңесі бұл шешімді құптады.