«Отбасы банк» телефон нөмірі арқылы аударымдар жүйесіне қосылды

0 57

Ел тұрғындары үшін «Отбасы банктегі» депозитті толықтыру және несие өтеу процесі жеңілдетілді. Азаматтар енді басқа банктердің мобильді қосымшаларында төлем жасау кезінде баламалы шот кодын және басқа да ұзын банктік деректемелердің орнына тек өз телефон нөмірін көрсетсе жеткілікті. Қаражат «Отбасы банктегі» шотқа лезде түседі.

Бұл қызмет банктің Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылғандығының арқасында мүмкін болды.

Жаңа сервис сонымен бірге «Отбасы банктегі» ағымдағы шоттан мобильді төлемдер жүйесіне қатысушы өзге банктердегі өз шоттарына қаражат аударуға мүмкіндік береді.

4 маусымнан бастап ипотека қымбаттайды: «Отбасы банк» қандай өзгеріс енгізді?

Жаңа сервисті пайдалану үшін клиенттің «Отбасы банкте» қолданыстағы ағымдағы шоты болуы тиіс. Төлемдерді otbasybank.kz порталындағы жеке кабинет арқылы немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасында жасауға болады.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Кіріс аударымдар. «Отбасы банктегі» ағымдағы шотты толықтыру үшін клиент өзіне қызмет көрсететін басқа банктің мобильді қосымшасына кіруі керек. Маңыздысы: қаражат «Отбасы банкке» жіберілетін банк те мобильді төлемдер жүйесіне қосылған болуы керек. Бұдан бөлек, «Аударымдар» бөлімінде «Телефон нөмірі бойынша» батырмасын таңдап, өз телефон нөмірін енгізу қажет. Одан кейін қаражат қабылдайтын банктердің тізімі шығады. Ұсынылған тізімнен «Отбасы банкті» таңдап, аударым сомасын көрсетіп, операцияны растау керек. Қаражат банктегі ағымдағы шотқа түседі. Кейін otbasybank.kz порталында немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасында осы қаражат арқылы депозитті толықтыруға немесе несиені төлеуге болады.

Шығыс аударымдар. Сондай-ақ «Отбасы банктегі» ағымдағы шоттан өзге банктегі шотыңызға ақша аударуға болады. Ол үшін otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетте немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасындағы «Шоттар» бөлімінен «Ағымдағы шоттарды», одан кейін «Телефон нөмірі бойынша аударымды» таңдап, өз нөміріңізді енгізу қажет. Жүйе клиенттің шоты ашылған банктерді автоматты түрде көрсетеді. Банкті таңдағаннан кейін аударым сомасын көрсетіп, операцияны растау жеткілікті.

Айта кетейік, жыл басынан бері 538 502 азамат баспананы тиімді шарттармен сатып алу үшін жаңа жинақ шоттарын ашқан. Дәл осы тұрғын үй жинақтары «Отбасы банктен» жылдық мөлшерлемесі 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі несие алуға мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.