Таразда металлургия зауытының іргетасы қаланды

0 107
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында «Тараз өндірістік комбинаты» ЖШС мен Қытай Халық Республикасының Guangdong Wantai Supply Chain Co., Ltd. компаниясы бірлесіп металлургия зауытының құрылысын бастады. Жобаның іргетасын қалау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Жаңа өндіріс ошағы Тараз индустриялық аймағы аумағында бой көтереді.
Guangdong Wantai Supply Chain Co., Ltd. компаниясының директоры Чжоу Циньхуэйдің айтуынша, металлургия зауытына 61 млрд теңге инвестиция салынады.
Кәсіпорында жылына 1 млн тоннаға дейін ыстықтай илектелген болат орамдары, тот баспайтын болат өнімдері, дәнекерленген және мырышталған құбырлар, профильді құбырлар, арматура және басқа да металл өнімдері өндіріледі.
Зауыттың алғашқы кезеңін 2028 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңінде 500 адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 350 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына атап өтті.
Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 71 жоба құрылыс кезеңінде болса, 45 жоба жобалау алдындағы дайындық жұмыстарынан өтуде. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және «жасыл» экономика салаларын қамтиды.
Биыл облыста жалпы құны 471 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде олардың бесеуі пайдалануға берілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.