«Nur Otan»: Әлеуметтік көмек көрсетуде демеушілерді көптеп тарту тәжірибесі қалыптасты
«Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалында қоғамдық қабылдауға келушілер тарапынан көтерілген әлеуметтік мәселелерді шешуде демеушілер тарту тәжірибесі қалыптасып келеді. Әсіресе карантиндік шектеу шаралары күшейген сәтте әлеуметтік көмек көрсетуге жергілікті жомарт азаматтар көптеп жұмылдырылған. Есепті кезеңде жалпы сомасы 2 миллион 475 мың теңгені құрайтын қаржы жиналып, оған мұқтажға отбасыларға азық-түлік себеттері таратылыпты.
Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалының кезекті ХХVIII есеп беру-сайлау конференциясында партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Есмұрзаев мәлімдеді. Партия аудандық филиалы төрағасының айтуынша пандемия кезінде мұнда әлеуметтік көмек сұрап келушілердің қарасы қалың болған. Оларға санатына қарай Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған «BIRGEMIZ» қорынан 1058 тұрғынға 50 мың теңгеден қаржылай көмек беріліпті.
Есеп беру-сайлау конференциясында делегаттарының ортақ шешімімен жақында ғана Сарысу ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Марат Сұлтанғалиев «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Аудандық мәдениет үйінде өткен жиында жаңа төрағаның кандидатурасын делегаттарға партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов таныстырды. Аудандық филиалдың төрағасы сайланған соң есеп беру-сайлау конференциясының күнтәртібіне сай партияның Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Есмұрзаев саяси құрылымның соңғы 2 жылда атқарған жұмысының есебін берді.
- Бүгінгі таңда партия ауданда партияның 4074 мүшесі бар. Олар 22 бастауыш партия ұйымы мен 97 партиялық топқа біріккен. Есепті кезеңде партия аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы 4 рет, Саяси кеңестің отырысы 4 рет, Саяси кеңес Бюросының отырыстары 9 рет өткізілді.
Партия аудандық филиалына соңғы 2 жылда аймақ тұрғындары тарапынан 1542 өтініш түсіп, оның 924-і оң шешімін тапты. Қалған өтініш иелеріне заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізілді, – деді Мұратбек Бұралқыұлы.
Партияның Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының баяндамасынан соң «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, партия ардагері Сағымбек Бегеев, «Игілік» бастауыш партия ұйымының төрайымы Дариға Ыдырысова, «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Самат Тоқбанов жарыссөзге шығып, филиалдың есепті кезеңдегі жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
Конференция делегаттарының ортақ шешімімен «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезекті ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды.