Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының іргетасы қаланды

0 47
Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру, бұқаралық спортты дамыту және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары Жамбыл облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Соның жарқын көрінісі ретінде бүгін Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының іргетасы қаланды. Бұл – жаңа спорт нысанының құрылысы ғана емес, әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына және тең мүмкіндік қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
Жоба аясында халықтың барлық санатына, әсіресе мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи, қауіпсіз әрі толық қолжетімді көпфункционалды спорт кешені бой көтереді. Мұнда әмбебап спорт залы, емдік дене шынықтыру және тренажер залдары, медициналық және психологиялық қолдау кабинеттері, конференция залы, демалыс аймақтары мен өзге де қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Жалпы аумағы 1,6 гектарды құрайтын орталық бір мезетте 300 адамға қызмет көрсете алады.
Бұл орталық талантты параспортшыларды тәрбиелейтін, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа буын чемпиондарының қалыптасуына да негіз болады.
Бұдан бөлек, Президенттің қала тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында бүгінде Тараз қаласында қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қаладағы жасыл аймақтарды көбейту мен демалыс орындарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Солардың бірі – Тәуке хан көшесі бойында салынып жатқан «Этноауыл» кешені. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптейтін кешенде қолөнер павильондары, ұлттық тағамдар ұсынылатын дәмхана, киіз үйлер, әкімшілік ғимараттары мен демалыс аймақтары орналасады. Болашақта бұл нысан Тараздың мәдени және туристік әлеуетін арттыратын маңызды орталықтардың біріне айналады.
Қаланың кіреберіс бөлігінде «Әулие-Ата» әуежайынан Айша бибі көшесіне дейінгі саябақ салынуда. Мұнда балалар ойын алаңдары, воркаут және демалыс аймақтары, серуендеу жолдары, жарықтандыру жүйесі мен көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Төле би даңғылын қайта жаңғырту аясында жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылып, орындықтар қойылып, жасыл аймақтар көбейтіледі. Ал Абай даңғылын абаттандыру жобасы көшенің сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
«Гидрокешен» тұрғын алабындағы «Таза тыныс» жаңа саябақ балалар мен ересектердің белсенді демалысына арналған заманауи кеңістік болады. Жоба аясында ойын және спорт алаңдары, футбол мен баскетбол алаңдары, воркаут аймақтары, серуендеу жолдары және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
Сонымен қатар «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Тарихи нысанның сәулеттік ерекшелігі сақтала отырып қалпына келтіріліп, болашақта өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін әрі туристер көп келетін маңызды орындардың біріне айналады.
Ал «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Мамыр» саябағын заманауи экопаркке айналдыру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша серуендеу жолақтары, воркаут және спорт алаңдары, терренкур бағыттары, балалар мен ересектерге арналған демалыс аймақтары, глэмпинг алаңы салынып, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін толық қолжетімді орта қалыптастырылады.
Жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар белгіленген мерзімге сәйкес аяқталып, олардың бір бөлігі биылғы жылдың соңына дейін, ал қалғандары келесі жылы тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі.
Бұл бастамалардың барлығы Тараздың тарихи келбетін сақтай отырып, қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге және өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Leave A Reply

Your email address will not be published.