Талас аудандық филиалының есеп беру-сайлау конференция өтті

0 277

«Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына аудан әкімі Қанатбек Мәдібек пен партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Бақтияр Алдашов қатысты. Конференция күнтәртібіне сай партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев баяндама жасап, саяси құрылымның соңғы 2 жылда жергілікті жерде атқарған жұмысының барысын баяндады.

– Өткен жылы ауданнан «Nur Otan» партиясы мүшелері арасында ұйымдастырылған партияішілік іріктеуге қатысқан 64 партия мүшесінің 26-сы партиялық кадрлық резервке енгізілді. Олар 2 ай бойы аудандағы барлық елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесіп, өз бағдарламаларымен таныстырды. Праймериз қатысушылары арасында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауында да бақ сынап, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның қатарын толықтырғандары да бар. Қазіргі таңда олар партияның Талас ауданы бойынша 2025 жылға дейінгі  сайлауалды бағдарламасын іске асыруда жүмыла әрекет етуге көшті. Аталған сайлауалды бағдарламаны іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында партияның аудандық филиалы жанынан 9 қоғамдық кеңес құрылды.

Партияның аудандық филиалы азаматтардың көкейкесті мәселелерін қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашық айтуға мүмкіндік беріп, сәйкесінше олардың оң шешілуіне де ықпал етіп келеді. Есепті кезеңде филиалға 3308 азамат өтінішпен қайырылса, оның ішінде 2113   азаматтың өтініші оң шешімін тапты. Азаматтар тарапынан негізінен жұмыспен және баспанамен қамту мәселелері көптеп көтерілді, – деді Ғалым Тамабекұлы.

Өз баяндамасында партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысына да жоғары баға беріп, «жасотандықтардың»  карантиндік шектеу шаралар күшейген сәтте мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері мен медициналық бетперделерді таратуға көптеп жұмылдырылғанын тілге тиек етті.

 Мақтааралда орын алған төтенше жағдайдың салдарын жоюға да таластық еріктілер алғашқылардың бірі болып аттанып, оларға  7 тоннадан астам гуманитарлық көмекті үйлестіруге қатысқан.

Мұнан соң жарыссөзге кезек беріліп, партия ардагері Лес Нұрұлы, «Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Докторбек Мәселбеков,  «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы,   Нұрсұлтан   Манатбеков сөз сөйлеп, партияның аудандық филиалының есепті кезеңде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деп бағалады.

  Конференцияда «Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекітіліп,   «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру сайлау конференциясына делегаттар сайланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.