Таласта 9 қоғамдық кеңес құрылды
«Nur Otan» партиясының Талас аудандық филиалы жанынан партияның Талас ауданы бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында партияның 9 қоғамдық кеңес құрылды. Оларға Талас аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері жетекшілік жасайды. Бұл мәліметті «Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев айтты.
Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек пен партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Бақтияр Алдашов қатысқан аудандық филиалдың есеп беру сайлау конференциясында саяси құрылымның соңғы 2 жылдағы жұмысының нәтижелері де сөз болды.
–Өткен жылы ауданнан «Nur Otan» партиясы мүшелері арасында Талас ауданында праймериз нәтижесінде партияның 26 мүшесі кадрлық резервке енген. Жалпы ауданда партияішілік іріктеуге 64 партия мүшесі қатысқан. Олар 2 ай бойы аудандағы барлық елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесіп, өз бағдарламаларымен таныстырды. Праймериз қатысушылары арасында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауында да бақ сынап, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның қатарын толықтырғандары да бар.
Партияның аудандық филиалы қарапайым азаматтардың көкейкесті мәселелерін қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашық айтуға мүмкіндік беріп, сәйкесінше олардың оң шешілуіне де ықпал етіп келеді. Есепті кезеңде филиалға 3308 азамат өтінішпен қайырылса, оның ішінде 2113 азаматтың өтініші оң шешімін тапты. Азаматтар тарапынан негізінен жұмыспен және баспанамен қамту мәселелері көптеп көтерілді, – деді Ғ.Тамабекұлы.
Сондай-ақ өз сөзінде партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысына да жоғары баға беріп, «жасотандықтардың» карантиндік шектеу шаралар күшейген сәтте мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері мен медициналық бетперделерді таратуға көптеп жұмылдырылғанын атап өтті.
Таластық еріктілер алғашқылардың бірі болып Мақтааралда орын алған төтенше жағдайдың салдарын жоюға да аттанып, оларға 7 тоннадан астам гуманитарлық көмекті үйлестіруге қатысқан.
Партия аудандық филиалының 2 жылдық жұмысының нәтижелері айтылған баяндамадан соң партия ардагері Лес Нұрұлы, «Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Докторбек Мәселбеков, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы, Нұрсұлтан Манатбеков сөз сөйлеп, партияның аудандық филиалының есепті кезеңде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деп бағалады.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы Талас аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекітіліп, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру сайлау конференциясына делегаттар сайланды.