ШУАҒЫН ШАШҚАН » ШҰҒЫЛА»
Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің 60 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.Салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы Ерлан Қыдыралыұлы төл газетте тер төгіп қызмет еткен ардагерлермен бүгінгі буын өкілдерін құттықтап, облыс және аудан әкімінің құрмет грамотасы және «Алғыс хаттарын» табыстады.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облыстық журналистер одағының төрағасы Жаңабай Миллионов та жергілікті журналистерді алғыс хатымен марапаттады.

Бұдан соң «Шұғыла» шуағы атты кітаптың тұсау кесер рәсімі боп өтті. Мінбеге шығып құттықтаған қарымды қаламгерлер әсерлі әңгімелер айтып, естеліктерімен бөлісті. Осы газетте еңбек жолымды бастаған мен 20 жыл бойы «Шұғыланың» өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әкем КСРО жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұлов жайлы сөз өрбіттім. Өмірінің соңына дейін осы газетте істеген әкем көзі тірі кезінде 10-нан астам кітап шығарса, соның басым бөлігін Аса ауылындағы қара шаңырақта дүниеге әкеліпті. «Шұғылада» жүріп, қаламының қуаттылығын арттырған ақиық ақынды аудан жұртшылығы да ұмыта қойған жоқ.

Мерейлі даталарына орай өлмес өлеңдері мен шығармашылығына арналған еске алу кештері үзбей өткізіліп келе жатуы соның нақты дәлелі. Жалпы ауданның айнасына айналған үнқағаздан елге танымал аптал азаматтар аз шықпаған. Олардың арасында қоғам қайраткерлері де бар. Ақын-жазушылар бір төбе.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рахым, Толымбек Әлімбек, Мұса Рахманберді, Бекет Момынқұл дәл осы «Шұғыланың» шекпенінен шыққан шоқтығы биік шоғырлар. Олардың жолдарын жалғастырып келе жатқан бүгінгі буын, озық ойлы тілшілердің де алар биігі алда екеніне сенгіміз келеді. «Шұғыла» шуағын шаша берсін!