Қазақстанда жаңа мемлекеттік тіл пайда болады

0 30

Бұл бастама Сенат пен Мәжілістің қолдауын тапты. Бірақ тиісті заң жобасын жаңа Парламент – Құрылтай қабылдауы мүмкін. 

«Айтылмаған сөз жетім»: 30 мың адамның жанайқайы

Жыл сайын елімізде мүгедектігі бар азаматтар құқықтарының бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан астам арыз түседі екен. Әрбір шағымның артында қоғамнан шет қалған адамдардың жанайқайы жатыр.

Өтініштердің бір бөлігінде құлағы естімейтін, сөйлеуге тілі жоқ азаматтардың мәселесі тұрақты түрде көтеріледі. Қазақ: «Айтылмаған сөз жетім» дейді. Бірақ кейде мәселе адамның айтқысы келмегенінде емес. Мәселе – қоғамның оны түсінбеуінде. Бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Оның 5 мыңға жуығы – балалар. Олар үшін ымдау тілі өзара қарым-қатынас құралы ғана емес, бұл сондай-ақ олардың сыртқы әлеммен байланысы.

Бұл ретте бір емес, бірнеше гәп бар. Біріншіден, депутаттардың және сарапшылардың түсіндіруінше, әлі күнге қазақ тіліндегі ымдау тілі жоқ: кеңес кезінен қалған, ескірген нұсқаны ғана пайдалануға мәжбүр екен. Былайғы жұрт қолмен жасалатын ым-ишара тілі барлық керең-сақау адамдар үшін бірдей деп ойлауы мүмкін. «О’кей» немесе «лайк» деген сияқты. Шынында, саусақтармен көрсетілген бір белгі әр тілде әралуан мағынаны білдіреді.

Екіншіден, Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге заң жүзінде мойындалмаған. Қазақстандық заңнама «ондай тіл болмайды» дейді.

«Салдарынан ондаған мың азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толыққанды қол жеткізе алмай отыр. Қазақта: «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген қанатты сөз бар. Өкінішке қарай, біз әлі күнге осы азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз. Мысалы, бүгінде жоғары оқу орындарында есту және сөйлеу қабілетінде кемтарлығы бар небәрі 185 адам оқиды. Неге аз? Себебі, лайықты орта бейімделмеген. Ым тілін білетін оқытушы табылмайды. Оған көмектесіп, айтқанын аударып тұратын көмекшісі жоқ. Мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз. Оны айтасыз, Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қарым-қатынас құралы ретінде танылмаған!», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.

Мұнда депутаттардың кінәсі де бар: заңды жазатын солар. Табанды болса, атқарушы биліктің кез келген ветосын еңсеріп, қалаған заңын қабылдай алатын еді. Сондай-ақ қалыптасқан кесапат жағдайға тиісті заң жобасын қаржыландырудан бас тартып келген Үкімет те жауапты.

Салдарынан, ымдау тілі дербес қарым-қатынас тілі ретінде танылмай, тек сурдоаударма қызметі аясында ғана – ауру не мүгедектік нышаны ретінде қарастырылады. Мемлекет сурдоаудармашының қызметін ғана мойындап отыр.

Көптеген елде ымдау тілі білім беру мен мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналған. Ал, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны бар-жоғы 221 маман. Бұл мамандарды тек 4 ЖОО дайындайды. Бірақ осы мамандықта оқып жатқан студенттер саны бар болғаны 35 адам. Бұл – кадр тапшылығының нақты көрінісі.

60 сағаттық өмір: мардымсыз лимит кімге жетеді?

Үшіншіден, егер Қазақстан толыққанды инклюзивті қоғам құрғысы десе, онда, мәжілісмендердің байламынша, қазақ тіліндегі қолжетімді ортаны да қатар дамытуы шарт. Әлемдік тәжірибе солай. Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Исландия, Австралия, Норвегия, Австрия, Испания, Швеция, тіпті Оңтүстік Африка Республикасы ымдау тіліне мемлекеттік мәртебе берді. Финляндия оны Конституциясында бекітті.

Төртіншіден, қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60 сағат сурдоаударма қызметі ұсынылады. Бұл квота бір жылға жетпей, бірер айда түгесіледі. Аурухана-емханада қаралуға, мемлекеттік қызмет алуға, оқуға, жұмыс істеуге, күнделікті тіршілік қажеттіліктеріне жетпейді. Үкімет жарымжан жандардың жыл бойғы қоғамдық өмірін 60 сағатпен шектеп отыр, дейді мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров. Сол себепті депутаттар сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарауды ұсынды.

Бесінші проблема – ақпараттық қолжетімділік. Қазақстан саңыраулар қоғамының жетекшісі Сайлаугүл Омарханованың мәліметінше, елде ым тілінен аударатын сауатты аудармашылар да, бейімделген контент те жетіспейді. Телеарналар сурдоаудармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндеттелген. Бірақ адамға жалғыз жаңалық қарау жеткіліксіз ғой. Білім, мәдениет, кино, ойын-сауық және басқа бағдарламаларды тең тамашалағысы келеді.

Көптеген подкасттар, сұхбаттар, деректі фильмдер, театрлар мен музейлер есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін әлі де қолжетімсіз. Осыған байланысты жауапты органдарға сурдоаударма, субтитрмен берілетін контент көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыру жүктелді.

Осы орайда «Хабар» агенттігі мен Satbayev University бірлесіп, ЖИ технологияларын пайдалану арқылы сурдоаударма жүйесін енгізу жобасын пысықтауда. Бұл жоба тиімділігін көрсетсе, жүргізушінің ЖИ-аватарын пайдалана отырып, кейбір телебағдарламаларды ым тіліне аудару мәселесі қарастырылады.

Ең басты жайт: ел Парламенті Үкіметке қазақша ымдау тілін Қазақстанда толыққанды мемлекеттік тіл ретінде заңнамалық деңгейде тануды ұсынды. Сонда оның білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет, ақпарат құралдары және өзге салаларда қолданылуына нақты кепілдік беріледі. Бұл қайырымдылық емес, әділетті мемлекеттің міндеті.

Мемлекет не істеп жатыр?

Үкімет бүгінде ым-ишара тіліне мемлекеттік тіл статусын беру мәселесін пысықтап жатыр. Түпкілікті шешімін әзірше жарияламады. Премьер-министр Олжас Бектеновтың мәліметінше, Қазақстан шетелдегі дипломатиялық мекемелерін жұмылдырып, әлемдегі ым тілі мәртебесінің ресми бекітілуіне қатысты халықаралық тәжірибені зерделеп шықты.

Анықталғандай, Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай, Түркия сияқты бірқатар елдерде мұндай мәртебе мүгедектігі бар адамдардың тең құқықтарын қамтамасыз ету үшін қабылданған.

Жапония, Испания, Корея, Болгария, Словакия және басқасында ым-ишара тілін дамыту үшін бөлек заңдар қабылданған. Ал, Португалия, Хорватия, Швеция, Эстония секілді кейбір мемлекеттер бұл тілдің мәртебесін бекіту үшін Ата заңын өзгертпеген, тіпті арнайы заң да қабылдамаған: мәселені салалық нормативтік құқықтық актілер арқылы реттеп тастаған. Қазақстан қазақша ымдау тілінің жаңа мәртебесін бекітуде осы әдістерінің бірін таңдайтын болады.

Премьер-министр Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін әлеуметтік қорғау шаралары, әлеуметтік оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтер, сурдоаударма қызметтері, инклюзивті білім беру және қолжетімді қамтамасыз ету тетіктері көзделгеніне назар аудартты. Ендеше бұл сала мүлдем заңнан тыс қалды деуге келмейді.

Жалпы, Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген. Оның ішінде есту қабілеті бұзылған балалардың саны – 4 576 (тас кереңі – 851, нашар еститіндері – 3 825). Естімейтін балалар 22 арнайы мектепте және 3 арнайы балабақшада білім алады.

Жәрдемді ЖИ-ден күтеді

Бұдан бөлек, мемлекет қазақстандық ымдау тілін өрістету үшін шаралар қабылдауда. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ және орыс тілдерінде «e-Ымдау» электрондық бейнесөздігін, әдістемелік ұсынымдарды әзірледі. Электрондық бейнесөздікке арналған e-Ymdau мобильді қосымшасы визуалды-көрнекі базаны кең әрі ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді.

Дактильдік әліпби-алфавитті оқыту есту қабілеті бұзылған балаларға арналған бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларында «Әліппе» және «Сауат ашу» пәндері аясында қарастырылған.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің дерегінше, «Арнайы педагогика мамандарын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды 17 университет дайындайды. Бірақ ол мамандықтарды таңдаған студенттердің контингенті 5 424 адам ғана. Соның ішінде жартысынан азы, 2 087 болашақ маман мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды. Бұл саланы кадрмен қамтуда қайшылық пен кемшілік барын паш етеді.

Саясат Нұрбектің ведомствосы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет ететін арнайы педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайтылатынын алға тартып, ақталды. Мысалы, 2023–2024 оқу жылында 477 грант қана бөлінсе, 2024–2025 оқу жылында грант саны 656-ға, 2025–2026 оқу жылына 840-қа дейін көбейтілген.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов керең және мылқау азаматтарды әлеуметтендіру үшін қазіргі заманғы технологиялардың әлеуеті пайдаланылатынын жеткізді. Қазіргі кезде 107 университеттің ғалымдары мен студенттері 200-ден астам жасанды интеллект агентін әзірлепті. Олардың арасында студенттің ЖИ-ассистенті, ЖИ-кітапханашы, талапкерлерге арналған ЖИ-ассистент, мансап және кәсіптік бағдар бойынша ЖИ-ментор, электрондық сурдоаудармашы және басқасы бар.

Әрине, бұларда әзірге ым-ишара тілі қарастырылмаған екен. Бірақ ЖИ өнімдерде соны да қарастыруға талпыныс бар. Мысалы, Семей медицина университеті ЖИ негізінде саңырау-мылқау адамдарға арналған мобильді қосымша әзірлесе, Астана медицина университеті Visual Mind платформасын жасады.

«Есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның, оның ішінде цифрлық сервистердің қолжетімділігін жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Еnbek.kz порталында, Әлеуметтік қызметтер порталында және Байланыс орталығында жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруді қамтамасыз ететін интеллектуалды чат-бот енгізілді. Оның функционалы мүгедек адамдардың қажеттіліктерін де ескереді. Инклюзивті мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында ымдау тілін үйрететін бірыңғай ЖИ агенті әзірленуде», – деді Бектенов.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында (inva.gov.kz) «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» енгізілді. Онда есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қолжетімді 20 мыңнан астам ғимарат көрсетіліпті.

Шешім 2029 жылға шегерілді: депутаттар талпынысы мораторийге соғылды

Дегенмен, Премьер-министр депутаттардың «есту қабілеті бұзылған адамдарға ымдау тілі маманы көрсететін қызметтердің лимитін қайта қарау және көлемін ұлғайту» бастамасын қолдамады. Өйткені, оның түсіндіруінше, бұл «қосымша қаражатты талап етеді». Олжас Бектенов өзі қол қойған Үкіметтің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысы бойынша 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуге мораторий енгізілгенін еске салды. Яғни, аталған лимит кем дегенде 2029 жылға дейін көбейтілмейтін болды.

Өз кезегінде Мәжіліс Қазақстанда ым тіліне ресми мәртебе беруді қарастыратын заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Сенаторлар да алдын ала қолдап отыр.

Бірақ ол қаржылық шығынды қажет ететін заңжоба болғандықтан, Үкіметтің қосымша пысықтауынан өтеді, қаражат ізделеді. Тиісінше, оны қабылдауға 1 шілдеде тарайтын қазіргі 8-ші шақырылымдағы қос палаталы Парламент үлгермейді. Сондықтан бұл жоба бірпалаталы жаңа Парламенттің – Құрылтайдың еншісіне қалғалы тұр.

Фото: freepik

https://www.inbusiness.kz/kz/news/kazakstanda-zhana-memlekettik-til-pajda-bolady?fbclid=IwY2xjawSdHh1leHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEe3cX1u8MZ8Vr9M24I6hRs9uOr2bgkhiuff7nRQhMmpCq12qceO9KyNHrYBm8_aem_Rh2P7NRfYLngrB7m5MYa4Q

Leave A Reply

Your email address will not be published.