Үкімет 4 жылда халықтың табысын қалай арттырмақ?

0 31
Қазақстан үкіметі алдағы төрт жыл ішінде халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған 58 шарадан тұратын жаңа жоспар әзірледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлім етті.

Жоба жалақыны көтерумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфляцияны тежеу және қарыз жүктемесін азайтуды көздейді.

Вице-премьер Серік Жұманғарин табысты арттыру мәселесі тек жалақыны көтерумен шектелмейтінін атап өтті.

«Ниетіміз – бюджеттен төлемдерді арттыру емес, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Ол үшін өндірісті дамытып, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту қажет», – деді ол.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың кірісінің шамамен үштен екісі жалақыдан құралады. Ең жоғары жалақы тау-кен өндірісі, қаржы, IT, байланыс және өнеркәсіп салаларында тіркелген. Ал Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Хусаиновтың пікірінше, технологиялық жаңғыртусыз жалақыны көтеру инфляцияның одан әрі өршуіне алып келуі мүмкін.

Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жалақы өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға өскен. Алайда, инфляция деңгейі ескерілгенде, нақты табыстың 2,3 пайызға төмендегені байқалады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы ең төмен көрсеткіш болып отыр.

фото: depositphotos

 Qaz365.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.