Индер-Қарабау тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды
Индер–Қарабау тасжолындағы жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза тауып, бір адам ғана аман қалды.
Қайғылы жол-көлік оқиғасы 29 мамыр күні таңертең Атырау облысының Индер ауданында болды. Сағат шамамен 06:30-да Индер–Қарабау тасжолының 15-шақырымында Hyundai Sonata автокөлігі аударылып кеткен.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 42 жастағы жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Салдарынан жеңіл көлік жолдан шығып кетіп, бірнеше рет аударылған.
Көлік ішінде бес адам болған. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тек бір жолаушы аман қалып, ауыр жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиғаға жылдамдықты шамадан тыс арттыру және жол жағдайын ескермеу себеп болған.
Оқиға орнында тергеушілер жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе қалааралық тасжолдарда жылдамдықты асырмауға, сондай-ақ шаршаған немесе ұйқысы қанбаған күйде көлік тізгініне отырмауға шақырды.
Фото: әлеуметтік желі
AtyrauTODAY тілшісі