ЖАҚСЫНЫҢ ҰРПАҒЫ

0 8
«Мойынқұм таңы» газетінің жарыққа шыққанына 60 жылдан астам уақытта небір атпал азаматтар редактор қызметін атқарды, көптеген азаматтар мен азаматшалар газет шығару жолында жұмыс жасады. Өзім білетін редакторларға тоқталсам, марқұм Әлімбетов Серік 18 жыл редакцияны басқарды. Білікті, білімді журналист Берікбай Қадықов 21 жыл, Сүндетулла Әбілов 12 жылдан астам редакцияны басқарды.
Мен бұрындары редакцияға жазған-сызғанымды алып баратынмын. Сондай кездесулерде редакция қыздары Қыжым, Шолпан, Әлия, Араймен таныстым. Әйтеуір, қыздар сыйлағаны болар, зыр жүгіріп әкеп беріп жүретін. Қыжым мен Арайдың ата-аналарын жақсы танитынмын. Күнделікті тірлікте араласатындықтан болар, Қыжым мен Арайға бүйрегім бұрып тұратын. Басшылар болмай қалғанда қағазымды қалдыратынмын. «Мойынқұм таңы» газетінің 60 жылдық мерейлі мерекесіне орай Әлімбетова Арай Серікқызының тірлігін жазуды жөн көрдім.
Арай Серікқызы ауданымыздың Бірлік ауылында қызметкерлер отбасында 1969 жылдың 9 тамызында дүниеге келді. Әкесі Әлімбетов Серік ауданға танымал болса, анасы Терсебаева Лескүл – аудандық тұрмыстық өтеу кешенінің есеп бөлімінде есепші-кассир қызметін атқарды.
Отбасылы, үш қыздың анасы, отбасының отанасы Арай Серікқызы әке аманатын арқалап, өз соқпағымен тура, түзу жүріп, жалпы еңбек өтілі 40 жыл, 31 жыл бойы газет басылымына өз үлесін қосып келе жатқан қарапайым жан. Әке-ана үмітін ақтап, абырой-атағын сақтап жүрген асыл ұрпақ.
Редакция ұжымын 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Газетіміздің оқырманы көбейіп, қанаты кеңге жайылып, ғұмыры ұзақ, тұғырлы болсын. Қызметкерлерге ұшқыр ой, талмас қанат, таудай талап тілеймін.
Еңбектеріңіз жана берсін, өмірлеріңіз жақсылыққа тола берсін.
Жібек МӘЗБАЙҚЫЗЫ,
Мойынқұм ауылы
Leave A Reply

Your email address will not be published.