ҚҰРБАН АЙТ– ҚАЙЫРЫМ МЕН БІРЛІК МЕРЕКЕСІ
Барша мұсылман қауымды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы Құрбан айт, Алланың қалауымен, 27 тамыз күні басталады. Айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. Осы қасиетті күннен бастап, мұсылман қауым үш күн бойы құрбан шалу амалын орындайды.
Құрбан айт – бұл тек құрбан шалу ғана емес, бұл – жүректерді тазарту, нәпсіні тәрбиелеу, Аллаға жақындау мерекесі. Бұл күндері мұсылман баласы мейірімділік танытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қарым-қатынасты нығайтады. Құрбандық шалу – Ибраһим (а.с.) пайғамбардың сүннеті, Аллаға деген шынайы ықылас пен бойсұнудың көрінісі.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың (құрбандықтардың) еттері де, қандары да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) – деп, бұл амалдың мәні ықылас пен тақуалықта екенін білдіреді.
Осынау ұлық мереке күндері барша мұсылманға: – Жасаған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
– Әрбір дұға-тілектеріңіз қабыл болып, шаңырақтарыңызға береке орнасын!
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрбан айт – бірлік пен бауырмалдықтың, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Әр шаңыраққа қуаныш, әр жүрекке иман нұры ұяласын!
Құрметпен,
Талас ауданының бас имамы
Жалғасбай Дүйсенбайұлы