«Еңбек еленсе — елдің еңсесі биік»
Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында бүгін аудандық мәдениет үйінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы «Мойынқұм ауданына 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Марапат иелері — ауданға қарасты ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбек сіңіріп, ел ішіндегі ауызбіршілік пен тұрақтылықты сақтауға атсалысып жүрген азаматтар. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, ардагерлер, қоғам белсенділері мен ауыл тынысын жандандырып жүрген еңбек адамдары бар.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Алибек Нурадинов ауданның өсіп-өркендеу жолында әр азаматтың еңбегі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мойынқұмның бүгінгі жетістігі — елге адал қызмет етіп жүрген тұрғындардың қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.

Алпыс жыл — тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, Мойынқұм үшін маңызы зор белес. Осы уақыт ішінде аудан талай сынақтан өтіп, тамыры терең, бірлігі бекем өңірге айналды. Бүгінде ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі кейінгі буынға үлгі болары анық.
«Еңбек еленсе — елдің еңсесі биік». Бүгінгі марапат соның айқын дәлелі болды.