МӘМС: уақытылы жарна – тұрақты мәртебе

0 46

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебені сақтау үшін жарналар мен аударымдарды уақытылы төлеу қажеттігін ескертті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.
Филиал басшысы Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, «сақтандырылған» мәртебесі соңғы 12 ай ішінде төлемдер үздіксіз жүргізілген жағдайда ғана сақталады. Егер жарналар мен аударымдар уақытылы төленбесе, азаматтардың МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке қолжетімділігі шектелуі мүмкін.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың мәртебесі төлемдердің тұрақтылығына тікелей байланысты. Сондықтан әр азамат өз төлемдерінің уақытылы жүргізілуін бақылап отырғаны маңызды, – деді филиал басшысы.
МӘМС жарналары мен аударымдары ай сайын төленуі тиіс. Олардың уақытылы әрі толық төленуін мемлекеттік кірістер органдары бақылайды. Ал мерзімінен кешіктірілген төлемдерге өсімпұл есептеліп, тиісті салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын азаматтар арасында МӘМС төлемдерін уақытылы төлемеу жағдайлары жиі анықталған.
Мамандар азаматтарға сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін төленбеген кезеңдерді алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда берешекті өтеуге кеңес береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.