БЕЙБЕРЕКЕТ САУДА ОРЫНДАРЫ РЕТТЕЛЕДІ

0 323

Бүгінде Таразда жаяу жүргіншілер жолын жауып сауда жасайтындар азаймай тұр. Қала тұрғындары бұның заңсыз екенін әрі шаһар шырайын кетіріп, көркін қашыратынын біле тұра осындай қадамға баруда.

Осыған орай бүгін сауда орталықтарының басшыларымен кеңес өткіздім. Мақсат — ретсіз орналасқан заңсыз сауда орындарын бір жүйеге келтіру, базарларды модернизациядан өткізу (СЭС, өрт сөндіру және өзге де қызметтердің талаптарына сай болу), халық пен тұтынушыларға жағдай жасау.

Таразда заңды тіркелген 61 сауда үйі мен орталықтары жұмыс істейді. Алайда, бейберекет саудамен айналысатын кәсіпкерлер де бар. Мұндай фактілер «Мыңбұлақ» мөлтек ауданындағы «Айрылмас», «Мыңбұлақ», «Гаухар» сауда орталықтары мен тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан бизнес нысандарда, «Ысты» және «Салтанат» базарлары аумағында тіркелген. Ол жерлерде санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған. Өрт сөндіру машинасының кіріп шығуына толық жағдай жасалмаған.
Бейберекет сауда әсіресе «Мыңбұлақ» мөлтек ауданында қызып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін сатушыларды «Айрылмас» сауда орталығындағы бос орындарға көшіру ұсынылды.

Тәртіп пен заң баршаға ортақ. Сондықтан Таразды заманауи да көрікті шаһарға айналдыру үшін жаңғырту жұмыстары сан-салада жүргізілу керек. Сауда орындарын оңтайландыру арқылы жабайы сауданы жойып, тұрғындарға заманға сай қызмет көрсету қажет екенін айттым.

Сондай-ақ сауда үйлері мен базар басшыларын “Асарлатып үй салу” жобасы аясында қаладағы көпбалалы және мұқтаж жандарға үй салып беруге атсалысып, көмек қолын созуға шақырдым. Олар бұл ұсынысты қолдайтындарын, сауапты істен шет қалмайтындарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.