Арайлым Қожамұратова 12 жылға сотталды
Алматыда әлеуметтік желіде «Айс Мұратова» деген атпен танылып, жүздеген адамды сан соқтырған Арайлым Қожамұратова 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ол желі арқылы Қытайдан арзан тауар әкеліп беремін деп 300 жәбірленушіден алдын ала ақша жинаған. Тұтынушылар заттарын бір жылға дейін күтіп алданып қалған, ал жалпы шығын көлемі 4,6 млрд теңгеге жетті. Бұл іс бойынша басты күдіктіден бөлек оның 12 туысы да сот алдында жауап берді.
«Арайлым Әділбекқызы Қожамұратова ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлігінің 2 тармағында, 218 бабы үшінші бөлігінің үшінші тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚР ҚК 58 бабы, үшінші бөлігінің негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті қылмыстық жолмен сатып алған мүлкі тәркіленіп, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын», – деді судья Самал Кеңесова.
Үш жылға созылған тергеуден кейін Арайлым Қожамұратова жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болды. Ал оның қылмысқа қатысы бар 12 туысы 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Дегенмен қаражаты қайтарылмағандықтан жәбірленушілер бұл үкімді тым жеңіл деп есептейді.
«Бұл өте жеңіл жаза деп ойлаймын. Өйткені сомасы өте үлкен. Жәбірленуші саны көлемі үлкен. Ешқандай теңгесі әлі жәбірленушілерге қайтарылған жоқ. Жылап отырмыз. Біздің де балаларымыз бар. Неге олар ойламады осы елді алдағанда?!», – деді жәбірленуші Айгүл Мақанова.
Фото: Арайлым Қожамұратованың парақшасынан
Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/araylym-qozhamuratova-12-zhylga-sottaldy?fbclid=IwY2xjawRuZy1leHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEecQesKZ6z5SQUJHrS3YiG1YMbL21obuZkc-tsV3L4iJaVnD1O8VLDofc3uqQ_aem_eaddtYWnwSAupu41_LtsMw