Жамбылда әскери қызметшілерге «Сарбазға прокурорлық кеңес» кездесуі ұйымдастырылды

0 40

Қоғамдағы тұрақтылық пен ел дамуы ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау – әрбір азаматтың міндеті болса, тәртіп сол қағидалардың жүзеге асуына негіз болады. Осы бағыттағы тәрбиелік жұмыстар жастар арасында, әсіресе әскери қызметшілермен тұрақты түрде жүргізілуде.

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде мерзімді әскери қызметшілермен «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жас сарбаздарға әскери-патриоттық тәрбие беру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту.

Кездесуге Оңтүстік аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Сәкен Ермекбаев, сондай-ақ прокуратура саласының ардагерлері Ерлан Сатыбалдиев, Маратбек Сагимбеков және Кулумбет Абдикулов қатысты.

Жиын барысында ардагерлер туған жерді қорғау әр азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті. Олар кең байтақ қазақ жерінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында жас буынның жауапкершілігі жоғары болуы қажет екенін айтып, сарбаздарды елге адал қызмет етуге үндеді.

Сонымен қатар кездесуде әскери қызметшілерге заң мен тәртіптің маңызы түсіндіріліп, арандатушылық әрекеттерге ермеу, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және мемлекет қауіпсіздігін қорғауға әрдайым дайын болу қажеттігі айтылды.

Кездесу соңында жас сарбаздар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.

 baq-orda.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.