Абыройлы еңбек иесін құрметті зейнет демалысына шығарып салды
Жиында аудан басшысы саналы ғұмырын су шаруашылығы саласына арнап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтың еңбегін атап өтіп, көп жылғы адал қызметі мен кәсіби біліктілігі үшін алғысын білдірді.
– Болатбек Айниетұлы еңбек жолын 1985 жылы №86 жылжымалы мехколоннада құрылыс шебері болып бастаған. 1986-1988 жылдары Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімінде техникалық бақылаушы, 1988-1989 жылдары осы басқармада аға инженер, 1989-1992 жылдары Қызылорда қаласындағы «Сельстрой тресіне» қарасты Қазалы ауданындағы ПМК-06 мекемесінің өндірістік жабдықтау бөлімінің аға инженері, 1992-1994 жылдары аудан әкімінің көмекшісі қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. 1994 жылдың маусым айынан бастап осы күнге дейін 30 жылдан астам Ә.Тыныбаев атындағы «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келді. Болатбек Айниетұлы біліктілігі мен талапшылдығына қоса, қарапайымдылығымен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлесін қосты. Болатбек Айниетұлын бүгінгі қуанышты күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілеймін, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты жиында Болатбек Айниетұлына ауданымыздың ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен Болатбек Айниетұлымен еңбек жолында бірге қызмет жасаған азаматтар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Кездесу соңында Болатбек Әсербаев мерейлі зейнеткерлік демалысқа шығуына орай арнайы қабылдап, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімі мен азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Қазалы ауданы әкімдігі
Фото: Қазалы ауданы