Облыс әкімі спорт саласының қайраткерлерімен кездесті
7 мамыр күні Семей қаласында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир өтеді. Дәстүрлі турнир қарсаңында аймақ басшысы Берік Уәли Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елсияр Қанағатов пен белгілі спорт журналисі, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлымен кездесті.

Кездесу барысында өңірдегі спорт саласының дамуы мен өзекті мәселелері талқыланды. Қонақтар облыстың спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, жақын күндері өтетін Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнирдің маңызы зор шара екенін атап өтті.

Облыс әкімі кездесуде өңірдің спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен тың бастамаларға тоқталды. Облыс аумағында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Семей қаласының Бобровка және Ұшақтар кенттерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басында Водный кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ