Әйел ұлын қатерлі ісікке шалдықты деп өтірік айтып, жұрттан ақша жинаған
Оңтүстік Аустралияда сот 45 жастағы екі баланың анасын түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Ол алты жастағы ұлы ауыр дертке шалдықты деп туыстары мен таныстарынан ақша сұраған.
BBC News мәліметінше, бірнеше ай бойы әйел баланың шашы мен қасын қырып, басы мен қолын таңып, оған дәрі-дәрмек берген. Осылайша ол баласы қатерлі ісікпен күресіп жатқандай етіп көрсетпек болған. Тіпті жұрт сенуі үшін ұлын мүгедектер арбасына отырғызған. Алаяқтық баланың мектебіндегі медбике оның “еміне” қатысты күмәнді жайттарды байқағаннан кейін әшкере болды.
Баланың жағдайына жайбарақат қарай алмаған туыстары мен мектеп әкімшілігі қайырылымдылық қаражатын берген. Ал баланың өзі бұған дейін жазатайым оқиғадан кейін көз дәрігеріне қаралған. Дәл осы жағдай анасына көз қатерлі ісігін ойдан шығаруға түрткі болған.

Кейін әйел сот алдына жауап берді. Ол ұлына қатыгездік көрсеткенін және он рет алаяқтық жасағанын мойындады. Айыптаушы тарап аустралиялық әйел баласын ақша жинау үшін “тірі реквизит” ретінде пайдаланғанын мәлімдеді.
Ал адвокатының айтуынша, әйел құмар ойынға тәуелді болып қалған және қарыздарын жабу үшін осындай әрекетке барған. Бастапқыда күйеуіне де айып тағылған. Алайда ол сотта әйелінің өз өмірін ойран еткенін айтты.
“Мен саған әйелім ретінде толық сендім. Енді өзімді шахмат тақтасындағы қолжаулық секілді сезінемін”, – деді ол.
Сот әйелді төрт жыл үш айға бас бостандығынан айырды. Ол келесі жылдың сәуірінде шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бере алады. Жиналған қаржының нақты көлемі ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен куәгерлердің айтуынша, әйел ондаған мың аустралиялық доллар жинап үлгерген болуы мүмкін.